Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты Нью-Делиде жоғары қауіп режимі енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ PTI агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік дерегіне сүйенсек, Кашмир аумағындағы шабуылдардан кейін қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Барлық мемлекеттік қызметкерлердің демалысы тоқтатылды.
Сондай-ақ Нью-Дели орталығындағы "Үндістан қақпасы" соғыс мемориалы аумағында жүрген азаматтардан аймақты босатуды сұраған. Қоғамдық қозғалыс реттеліп, полиция жолдарды бос ұстау жұмысын жалғастыруда.
Еске сала кетейік, 7 мамырға қараған түні Үндістанның Қорғаныс министрлігі Пахалгам маңындағы шабуылға жауап ретінде Пәкістан аумағында «Синдур» операциясын жүзеге асырғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, бұл операция барысында террористік инфрақұрылым нысандарына соққы берілген, бірақ Пәкістанның бірде-бір әскери мекемесі нысанаға алынбаған.
Алайда Пәкістан тарапы Үндістан бес елді мекенге әуе шабуыл жасағанын мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрлігі кемінде 31 адамның қаза тауып, 57 адамның жараланғанын растады. Исламабад бұл әрекетке жауап қайтару құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Үндістанның Біріккен қорғаныс штабы 9 мамыр күні кешке Джамму, Патханкот және Удхампурдағы әскери базаларға Пәкістанның зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасағанын хабарлады. Үндістан тарапы бұл шабуылдардан зардап шеккендер жоқ екенін атап өтті.
Шиеленіс 22 сәуірде Үндістанның Джамму және Кашмир аймағындағы Пахалгам қаласының маңында жасалған террористік шабуылдан кейін күрт ушыға түсті. Бұл оқиғада 25 үнді және 1 непал азаматы қаза тапқан болатын. Нью-Дели шабуылға Пәкістанның ведомствоаралық барлау қызметінің қатысы барын мәлімдесе, Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шариф бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.