Нығматулин парламент спикерлерінің Дүниежүзілік V конференциясында сөз сөйледі

7 Қыркүйек 2021, 16:35
989
Бөлісу:
Нығматулин парламент спикерлерінің Дүниежүзілік V конференциясында сөз сөйледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин парламенттер спикерлерінің Дүниежүзілік V конференциясында сөйлеген сөзінде Қазақстан басшылығының ауқымды реформалары, сондай-ақ заңнамалық қолдау елімізді халықаралық ұстанымдарға сәйкес дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация осы күндері Австрия астанасы Вена қаласында өтіп жатқан парламенттер спикерлерінің Дүниежүзілік V конференциясына қатысуда.

Мәжіліс Спикері көпжақты ынтымақтастықты нығайту, бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін парламенттік қызмет тақырыбына арналған интерактивті жалпы пікірталастарда сөз сөйледі.

Осы ретте, Нұрлан Нығматулин біздің еліміздің халықаралық ұстанымдарға сәйкес тұрақты дамуға жол ашатын Қазақстанда қолға алынып жатқан маңызды бастамалар туралы айтты.

Палата Спикері атап өткендей, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ықпалды мемлекет пен әділ қоғам құрудың тұжырымдамалық негізін қалады. Осы саяси бағытты бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жалғастырып келеді.

Нұрлан Нығматулин қазақстандық қоғамның барлық салаларын қамтитын ауқымды жүйелі реформаларды сөз ете келіп, қоғамдық бақылау мен азаматтық белсенділікті, сонымен бірге ел басшылығының бастамаларын заңнамалық қолдауға баса назар аударды.

Парламент реформаларды дер кезінде заң деңгейінде қамтамасыз ете отырып, белсенді қызмет атқаруда. Мәселен, сайлау заңнамасы мен сот жүйесін жетілдіруге бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Сонымен бірге, саяси партиялар, бейбіт жиналыстар, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамалық актілерге де көптеген өзгерістер енгізілді, - деді Мәжіліс Спикері.

Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин Қазақстанның жаһандық және өңірлік деңгейлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіне көңіл бөлді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлерге байланысты тікелей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Бұл мамандандырылған құрылым биологиялық қауіптерді болдырмауға ықпал етеді. Біз осы маңызды қазақстандық бастаманы әріптестеріміз белсенді түрде қолдайды деп сенеміз, - деді Мәжіліс Спикері.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин халықаралық күн тәртібіндегі Ауғанстандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіру сияқты өзекті мәселе туралы айта келіп, бүгінгі таңда ең маңыздысы – Ауғанстандағы гуманитарлық және азық-түлік дағдарысына жол бермеу екендігіне назар аударды. Мәжіліс Спикері қазіргі уақытта Қазақстан Президентінің шешімі бойынша Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі БҰҰ Миссиясы біздің елімізде уақытша орналастырылғанын атап өтті.

Дүниежүзілік парламенттер спикерлерінің V конференциясы коронавирустық пандемия басталғаннан бері тікелей ұйымдастырылып отырған алғашқы ауқымды парламентшілер форумы.

Венадағы конференцияны Парламентаралық одақ, Австрия Парламенті БҰҰ-мен бірлесіп ұйымдастырды.

Әлемнің 90-нан астам елінің парламенттер спикерлері жиналған жиында-пандемиямен күресу және covid-19-дан кейін қалпына келтіру жөніндегі жаһандық шараларды қоса алғанда, шұғыл халықаралық парламенттік іс-қимылды талап ететін басымдықтар, климаттың өзгеруі және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін шешу, жалға ақпарат таратуға қарсы іс-қимыл, жастардың саясатқа қатысуы, гендерлік теңдік мәселелері қаралды.

Қазақстандық Парламент өкілдері делегациясының құрамында Сенат пен Мәжіліс депутаттары бар.

Өзгелердің жаңалығы