Нығматулин мен Жапаров кездесу өткізді

2 Наурыз 2021, 19:26
2111
Бөлісу:
Нығматулин мен Жапаров кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжілісте Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті.

Нұрлан Нығматулин, ең алдымен, Садыр Жапаровты Қырғыз Республикасының Президенті болуымен құттықтап, Қырғыз елінің дамуы мен өркендеуіне бағытталған саяси жүйені реформалауға қатысты алда тұрған маңызды міндеттерін табысты орындау үшін сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Қырғыз Президентінің мемлекеттік сапары Қазақстан мен Қырғызстан елдері Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқанына баса назар аударды.

Нұрлан Нығматулин басты мақсат - тарихи байланысты сақтап, одан әрі нығайту екенін жеткізді. Сондай-ақ барлық бағытта, соның ішінде парламенттік ынтымақтастық арқылы бауырлас екі елдің достығын одан әрі тереңдету үшін тиісті жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

Кездесуде қос мемлекет арасында саяси келіспеушіліктер жоқ екенін және екіжақты қарым-қатынастар жүйелі дамып келе жатқанын алға тартқан Палата спикері бұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі екенін және Тұңғыш Президент әрдайым Қырғызстанмен өзара іс-қимылдың ерекше маңыздылығын атап көрсететініне тоқталды, - делінген хабарламада.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғызстанмен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін айтқан Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы жаңа дейгейге көтерілетініне назар аударды.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин мәртебелі мейманға VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің қызметімен таныстырып, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтудің маңыздылығы туралы айтып қалыптасқан дәстүрлі әріптестік қарым-қатынастарды жалғастыратынына тоқталды.

Өз кезегінде мәртебелі мейман біздің еліміздің жаңа Парламенттік құрамының жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы тарихи рөлін жоғары бағалайтынын және өзара туыстық және достық құндықтарды одан әрі өркендетуге үлес қосатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы