Нығматулин елдегі қымбатшылық үшін министрлерге шүйлікті

9 Маусым 2021, 12:49
9475
Бөлісу:
Нығматулин елдегі қымбатшылық үшін министрлерге шүйлікті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында спикер Нұрлан Нығматулин азық-түлік бағасының шарықтауына байланысты шенеуніктерге шүйлікті.

Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, қымбаттап жатқан азық-түлік бағаларын тізбелеп шықты.

Ең жоғары өсім күнбағыс майы бойынша тіркелген – 33,7%, қант 32,8%, жарма 28,7%, картоп 16,8%, жемістер 14,9%, макарон өнімдері 14,7%, жұмыртқа 10%-ға өскен. Сонымен қатар бензин, электр энергиясы, фармацевтикалық өнімдер мен тұрғын үйдің де құны қымбаттады. Бірақ инфляция 7,5 пайыз деңгейінде нысаналы мән шегінде сақталып қалды. Бағалар мен тарифтердің деңгейін ұстап тұру үшін Үкімет қандай шаралар қабылдауда?, - деді Данияр Әлімбаев.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пандемияның кесірінен азық-түлік, тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де қымбаттады деп, жылы жауып қоя салғысы келді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет арнайы «Жол картасын» әзірлеп, оны іске асыруда. Оның аясында 45 жедел және жүйелі шаралар көзделген. Жол картасы аясында өңірлік тұрақтандыру қорларына азық-түлік сатып алу үшін мелекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату қарастырылған. Қазіргі уақытта жергілікті тұрақтандыру қорларында 20 мың тонна азық-түлік бар және қосымша 36 мың тоннаға форвардтық шарттар жасалды, - деді Әлихан Смайылов.

Ол сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие ретінде сауда жүйелеріне бағаны ұстау үшін 33 млрд теңге бөлінді деп отыр. 

Бұл қаражатты 50 млрд теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Одан бөлек, монополияға қарсы шаралар іске асырылып, шектеу бағалары енгізілуде. Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру үшін біз 24 арнайы көтерме тарату орталығын салуды жоспарлап отырмыз, - дейді вице-премьер.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов та инфляция жалғыз Қазақстанда ғана емес, әлемде өскенін айтты.

Бұған Нұрлан Нығматулиннің ашуы келді. 

Бәлкім, айтып отырған пайыздарыңыз дұрыс шығар. Алайда экономиканың өскенін халық сезінуі тиіс. Бірақ мына жағдайда ол мүмкін бе? Егер азық-түлік арзандап, коммуналдық қызметтер төмендеп, халықтың өмір сапасы жоғары болса сезінер еді. Әйтпесе, сіздердің пайыздарыңыз жай ғана қағаздағы сандар болып қалады, - деді Мәжіліс төрағасы.
Бұған дейін Нығматулин Цойға окоптан шығатын кез баяғыда келгенін, сол себепті халық арасына жиі шығып тұруға кеңес берген еді.

Өзгелердің жаңалығы