Нұржігітов: Әр ауылдық округтің өз даму жоспары болуы тиіс

19 Мамыр 2022, 18:00
1927
Бөлісу:
Нұржігітов: Әр ауылдық округтің өз даму жоспары болуы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады.

Аймақ басшысы алдымен Тереңөзек ауылындағы «Жамбыл-БТТ» шаруа қожалығына барды. Темірбек Байкулиев басқаратын шаруашылықта 20-дан астам адам маусымдық жұмыстарға тартылған. 2004 жылдан бері түрлі дақылдар егіп, егістіктің қыр-сырын меңгерген шаруа биыл алғаш рет 120 гектар алқапқа пияз егіп, тамшылатып суару жүйесін пайдалануда. Ол үшін аумақтағы жеті ұңғыманы тазалап, трансформатор, сорғы қондырғыларын орнатқан.

Облыс әкімі суармалы су мәселесін шешуде ұңғыма мен су үнемдеу технолологияларының маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды аудан көлемінде күшейте түсу керектігін жеткізді.

Нұржан Нұржігітов бұдан соң Өрнек ауылындағы «Қарлығаш» жеке меншік бөбекжай бақшасының жұмысымен танысты. Қаракөз Өскенбаева басқаратын 140 орынға шақталған балабақша былтыр пайдалануға берілген. Нысанның құрылысы мен қызмет сапасы стандартқа сәйкестендірілген.

Мұнда аймақ басшысына ауданның білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер баяндалды. Облыс әкімі жауаптыларға бүлдіршіндер мен оқушылардың ыстық тамағын сапалы ұйымдастыру, талапқа сай дәрумендермен қамту қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, балаларды қосымша білім беруге тартуда алдымен мемлекеттік мекемелердің мүмкіндігі барынша пайдаланылуы тиістігін ескертті.

Құлан ауылы «Арай» алқабындағы жаңадан салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің қазіргі таңда инфрақұрылым жүргізу, жылу жүйелері мәселелері шешілуде. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйдің құрылыс сапасына көңіл бөлген Нұржан Нұржігітов инфрақұрылым желілері толығымен тартылған соң ғана пәтерлерді пайдалануға беруді тапсырды.

Аудандық орталық ауруханасының қызметімен жан-жақты танысқан облыс әкімі жаңа нысан салу мәселесі қарастыралатынын айтып, дәрі-дәрмектің жеткілікті болуына назар аудартты.

Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына ауқымды қолдаулар көрсетіліп, көптеген мәселелер шешілуде. Ендігі кезекте халыққа ұсынылатын медициналық қызметтердің де сапасы жоғары болуы тиіс. Дәрігерлермен қатар, орта буын қызметкерлерге де қойылатын талап жоғары. Науқаспен қарым-қатынас мәдениетіне барынша көңіл бөлген дұрыс. Дені сау ұлт – мықты мемлекет негізі,-деді аймақ басшысы ақ халаттылармен кездесуінде.

Осы ауылдағы күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылып, қайта ашылған «Сұлутөр» кинотеатрында болған Нұржан Нұржігітов жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – көп мәселенің алдын алатынын жеткізді.

Келесі кезекте облыс әкімі Абай ауылдық округі әкімдігінің жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу керекпіз. Бұл тұрғыда сіздер округтің пилоттық жобаға енуін күтпей, өздеріңіздің жоспарларыңызды әзірлеңіздер. Әр ауылдың өзіндік даму жоспары болғаны дұрыс. Ауыл әкімі күніге кем дегенде бір аулаға кіріп, жағдайымен жақынырақ танысып отыруы маңызды. Әр отбасының тұрақты табысы болуы қажет. Біз бюджет қаражатын игеріп қана қоймай, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, жұмыс орындарын құруға күш салу керекпіз, - деген аймақ басшысы округ әкімдігіне ауылдағы аулалар бойынша толық талдау жүргізуді жүктеді.

Осы ауылдық округтің тұрғыны Орынбай Бекназаровтың жеке қосалқы шаруашылығын дамытып, үй іргесіндегі жерін тиімді пайдаланып отырғандығы көпке үлгі. Ол біраз жылдан бері бау-бақша ісіне ден қойып, шағын ғана шарбағын таңқурай алқабына айналдырып, айтарлықтай табысқа кеңеліп отыр. Үй иесі ауылда жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндіктің мол екенін жеткізді. Облыс әкімі шаруасын шалқытып отырған осы отбасының тәжірибесін басқа ауылдастарына, аудан тұрғындарына бөлісу керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов Қарақыстақ өзеніндегі су электр станциясының жай-күйімен танысты.

Өзгелердің жаңалығы