Нұртай Сабильянов бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейтуді қолдады

Комиссия 2027–2029 жылдарға жоспарланған 6,5 трлн теңгенің мақсатты жұмсалуын қадағалап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

 кейіпкердің жеке мұрағатынан 31 Қазан 2026, 16:18
31 Қазан 2026, 16:18
147
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру мемлекеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған маңызды қадам болады. Мұндай пікірді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Өңірлік даму және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Нұртай Сабильянов білдірді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру барысында бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттігін айтқан болатын. Президент мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына бейінді ведомстволардың басшылары, Құрылтай мен мәслихат депутаттары, Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіреді.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысы мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға, өңірлерді дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

Бұл бастама елдің одан әрі дамуына, инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ халыққа қажетті нысандарды салуға бөлінетін Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалануға ықпал етеді, – деді Нұртай Сабильянов.

Сарапшының атап өтуінше, комиссия құру 2027–2029 жылдары халық игілігі үшін жаңа нысандар салуға қарастырылған 6,5 трлн теңгенің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сабильянов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау мәселелеріне де ерекше назар аударды.

Өкінішке қарай, елімізде мемлекеттік қаражатқа қол сұғып, сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндер әлі де аз емес. Мұндай комиссия құру осыған ұқсас құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған нақты қадам болады деп санаймын, – деп атап өтті ол.

Нұртай Сабильяновтың айтуынша, өңірлердегі кездесулер кезінде құрылысы аяқталмаған нысандар мен бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдаланылуы мәселесі бірнеше рет көтерілген.

Өңірлердегі кездесулер барысында бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, кейбір нысандардың құрылысы аяқталмай, қаражаттың тиімсіз жұмсалған жағдайларына бірнеше рет куә болдық. Біз бұл мәселелерді көтеріп, заңнамалық деңгейде реттеуге тырыстық, сондай-ақ құқық қорғау органдарына тиісті сауалдар жолдадық, – деді ол.

Сонымен қатар Сабильянов мемлекеттік қаражатты жұмсау мәселесінде адами фактор әлі де өзекті проблемалардың бірі болып отырғанын айтты.

Адал емес шенеуніктердің теріс әрекеттеріне тосқауыл қою және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді, – деп атап өтті ол.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіру қажеттігіне де тоқталды.

Мемлекеттік сатып алудың (тендерлердің) жеке бизнеске айналып кетуіне және сол арқылы жеке пайда табуға жол бермейтін барлық қажетті тетіктерді қарастыру керек, – деді Сабильянов.

Сөз соңында ол Президенттің бұл шешімі елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге ықпал етеді деген пікір білдірді.

Наверх