Алматы қаласында дәрігердің қабылдауына жазылудың қолжетімділігін арттыру және медициналық көмек алу кезегін қысқарту жұмыстары күшейтіледі. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарға электрондық жазылу жүйесіндегі шектеулерді жоюды, дәрігерлердің қабылдау кестесін үнемі жаңартып отыруды және емханалар басшыларының медициналық қызметтердің қолжетімділігі үшін жауапкершілігін арттыруды тапсырды.
Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы алқасының отырысында қаралды.
Медициналық бақылау комитетінің мәліметінше жүргізілген мониторингтің нәтижесінде қаладағы бірқатар емханада медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарғаны анықталған. Атап айтқанда, №35 қалалық емхана, «АСМЕД Мынбаева», Almaty Clinic және Open Medical Channel медициналық ұйымдары дәрігерлердің қабылдау кестесін жариялауға қатысты бұрын анықталған кемшіліктердің едәуір бөлігін жойған.
Сонымен қатар кейбір медициналық ұйымдарда бейінді мамандардың қабылдауына өз бетінше жазылуға шектеулер қою және дәрігерлердің жұмыс кестесін қалыптастыру кезінде кемшіліктер жіберу жағдайлары әлі де кездеседі.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дәрігердің қабылдауына жазылудың қолжетімділігін қамтамасыз етуді және медициналық ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыруды міндеттеді.
Республика деңгейінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жетілдіру бойынша бірқатар шара жүзеге асырылды.
Учаскелік дәрігерлердің қабылдау уақыты төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұзартылып, медициналық көмек алу мерзімі 1–3 күнге дейін қысқартылды.
Мейіргерлердің функциялары кеңейтіліп, дербес мейіргерлік қабылдау жүйесі дамуда. Сондай-ақ шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру тәртібі жетілдірілуде.
Бұдан бөлек, елімізде 684 шұғыл көмек кабинеті ашылып, жеделдіктің төртінші санатындағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 988 мобильдік бригада жасақталды.
Денсаулық сақтау министрі медициналық ұйымдар басшыларының жұмысын, ең алдымен, пациенттер үшін медициналық көмектің нақты қолжетімділігіне қарай бағалау қажеттігін атап өтті. Анықталған кемшіліктерді жою және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша бақылау жалғасады.
Тапсырмаларды орындауда формальды көзқарасқа жол берілмейді. Министрлік олардың орындалу барысына мониторинг жүргізуді жалғастырады. Анықталған барлық заңбұзушылықтар бойынша комитеттерге тиісті бақылау шараларын жүргізіп, құзыреті шегінде шаралар қабылдау тапсырылды. Оң өзгерістер болмаған жағдайда қажетті басқарушылық шешімдер қабылданады, – деді министр.