Нұрдаулет Қилыбай: Студенттер – ізімізді басатын болашақ мамандар

19 Сәуір 2022, 10:10
1626
Бөлісу:
Нұрдаулет Қилыбай: Студенттер – ізімізді басатын болашақ мамандар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау әкімдігі аппараттық жиналысты университетте өткізді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық әкімдіктің аппараттық жиыны Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университеті ғимаратында Ақтау қаласының әкімі Нұрдаулет Қилыбайдың төрағалығымен өтті. Жиынға қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекеме басшыларымен қатар студенттер де қатысты.

Жиналыс барысында университет студенттері мемлекеттік аппараттың жиналыс тәртібімен танысып, өз пікірлерін жеткізді.

Бұдан былай біз айына екі рет осындай жиналыс өткізетін боламыз. Басты мақсатымыз – студенттердің мемлекеттік қызметке араласып, қаладағы өзекті  мәселелермен таныстыру. Өйткені студенттер біздің ізімізді басатын болашақ мамандар әрі басшылар, – деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдаулет Қилыбай.

Жиналыста кәсіпкерлік, туризмді дамыту және қоғамдық тәртіп  мәселелері жөнінде тиісті мамандар  баяндама жасады. Соның ішінде, қала әкімі жастар арасында белең алып тұрған есірткі қолдану мәселесіне  тоқталды. Өз кезегінде жиналысқа қатысқан қалалық полиция басқармасының өкілдері жастарды осы бағытта бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Жиналыста студенттер көкейде жүрген сұрағын тікелей қала басшысына қойып, жауаптарын алды. Аппараттық жиынға қатысқан жастар жаңа бастамаға оң бағасын берді.

Біз үшін бұл керемет тәжірибе болды. Қаланың проблемаларын шешу үшін қандай жұмыстар атқарылатынын білдік. Осындай мүмкіндік жасаған қала әкіміне алғыс айтқым келеді, – деді университет студенті Асланбек Мұхамединов

Өзгелердің жаңалығы