Нұр-Сұлтан мен Эр-Рияд ынтымақтастықты тереңдетуді талқылады

26 Қыркүйек 2021, 23:10
17180
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан мен Эр-Рияд ынтымақтастықты тереңдетуді талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Қазақстан-Сауд Арабиясы Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысы өтті. Қазақстан тарапынан тең төраға ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Сауд тарапынан - САК Инвестициялар министрі Халид Абдулазиз әл-Фалих қатысты.

Қазақстан тарапы Сауд Арабиясы бізді достық пен сындарлы саяси диалог байланыстырып отырған Араб түбегіндегі Қазақстанның сенімді серіктесі болғанын және болып қала беретінін атап өтті.

Үкіметаралық комиссия әлемдік экономикалық дағдарыстарда, соның ішінде ковидтік дағдарыстарда екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының даму қарқыны бәсеңдегенін атап өтті. Алайда, Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастық үшін ашылмаған әлеуеті зор.

Тұрақты өсу траекториясына шығу үшін біздің өзара қарым-қатынастарымызға жаңа серпін беру қажет, - деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов ҮАК отырысында сөйлеген сөзінде.

Тараптар өзара сауданы арттыру, оның ішінде елдеріміздің нарықтарына қол жеткізу бойынша өзара іс-қимылды кеңейту және нығайту перспективаларын талқылады.

Осылайша, Қазақстан мен Сауд Арабиясында өндірілген өнімдердің өзара саудадағы үлесін арттыру арқылы біздің нарықтардағы импорттық тауарларды алмастыру мүмкіндігі талқыланды.

Қазақстан түрлі салаларда 100 өңделген тауарды жеткізу бойынша экспорт номенклатурасын 398,5 млн.долл. сомасына кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Тізімге машина жасау, қара металлургия, тамақ өнеркәсібі және т.б. тауарлар кірді.

Тараптар екі елдің іскерлік орталарының ынтымақтастығын тереңдетуге және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруды, оның ішінде бір Тараптың өнімін екінші Тараптың аумағында таныстыру және сату үшін уақытша немесе тұрақты көрме павильондарын (showroom) ашуды пысықтауға келісті. Қазақстан мен САК өз елдерінде әлеуетті сатып алушыларды іздестіруде бір-біріне жәрдем көрсетуге уағдаласты.

Сонымен бірге, Қазақстан ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, туризм, тау-кен металлургия кешені және қаржы сияқты салаларда бірлескен инвестициялық экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыруға Сауд Арабиясының компанияларын тартуға мүдделілік танытты.

Атап айтқанда, Бақыт Сұлтанов саудиялық әріптесін көрші мемлекеттердің әлеуетін қоса отырып, Қазақстанда тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі жобаның іске қосылғаны туралы хабардар етті.

Біздің өңірде үлкен азық-түлік тізбегін құру сауда айналымын шектейтін логистикалық кедергілерді еңсеруге, транзит және тасымалдау жолдарын реттеуге мүмкіндік береді, бұл Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасындағы өнімді өзара тиімді экспорттауға ықпал етеді, - деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция министрі. 

Сауд Арабиясының мемлекеттік құрылымдары мен бизнесіне «осы саладағы ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі зерделеуді» ұсынды.

Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын жүзеге асыру кезінде карантиндік фитосанитариялық талаптармен алмасуды жүзеге асыруға және өсімдіктер карантині саласында ынтымақтасуға уағдаласты.

Сондай-ақ Сауд Арабиясы нарығына қазақстандық мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін САК (Saudi Food and Drug Authority) азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектер басқармасы тарапынан Қазақстанның барлық рұқсат құжаттарын алуын жеделдету үшін күш-жігер жұмсау қажет.

Ынтымақтастықтың ірі бағыты «жасыл экономика» бағыты болуы мүмкін. Эр-Рияд бірлескен жобаларды іске асыру, технологиялармен алмасу, кадрлар даярлау үшін әлеует бар екенін атап өтті. Тараптар күн, сутегі энергетикасы және бейбіт атомды қоса алғанда, баламалы және жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастық жолдарын талқылауға келісті.

Қазақстан-Сауд Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысының қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қатынастардың барлық салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған қорытынды хаттамаға қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы