Кентауға 57 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

3 Ақпан 2021, 14:16
1422
Бөлісу:
Кентауға 57 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кентау қаласының экономикасына негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 57,2 млрд теңгеге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге өскен. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кентау қаласындағы индустриалды аймақта 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның үшеуі жүзеге асып, ашылғалы бері 3,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 100-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл тағы бес жоба іске қосылмақ. Нәтижесінде, 116 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. 

Кентау қаласында қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8 мыңнан асады. Өнім көлемі 30,6%-ға артқан. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты шеңберінде жыл басынан «Ырыс» МҚҰ арқылы 250 млн теңгеге 70-тен астам жоба қаржыландырылды. 

«Яссы-несие» несиелік серіктестігі арқылы кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламалары аясында 43 жобаға 1,6 млрд теңге несие берілді. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 300 азаматқа 166 млн теңге грант берілген. Олардың қатарында кондитерлік өнімдерді өндіру, тамшылатып суару, мал шаруашылығы және басқа да сала мамандары бар. 

Былтыр «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы бойынша үш кәсіпкер 12 млн теңге грант жеңіп алған. Субсидиялау үшін екінші деңгейлі банктер арқылы 9 жоба несиелендірілуге оң шешімін алған. 2020 жылы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында,  «Қазақстан Халық банкі» АҚ Кентау қалалық  филиалы арқылы 700 млн теңге 6-7 % мөлшермен несие берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Кентау қаласы бойынша 21 жоба қаралып, жартысынан астамы несиелендірілді.

Өзгелердің жаңалығы