Зұлпыхар Тайырбеков: Қазіргі көкпаршыларға көңілім толмайды

27 Қаңтар 2020, 11:35
10042
Бөлісу:
Зұлпыхар Тайырбеков: Қазіргі көкпаршыларға көңілім толмайды
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көкпар десе ішкен асын жерге қояр қариялар аз емес. Дегенмен бар ғұмырын ат жалында өткізген Зұлпыхар Тайырбеков секілді көнекөздеріміз саусақпен санарлық қана. Зұлпыхар атамен Елордаға келген бір сапарында әңгімелесудің сәті түскен болатын.

- Көкпарға арнайы дайындықтан өттіңіз бе, әлде туабітті дарын ба?

- Туабітті дарын ғой. Дайындалып, болмаса біреуден тәлім алып көкпарға келген жан емеспін.

Осы екі ауыз сөзден кейін әңгіме тізгінін қарт шабандоздың өзіне беруді жөн көрдік.

Көкпаршы оқушы

Жетіншіні бітіретін жылы мектеп оқушылары Келес ауданына мақта теруге бардық. Сол жерде бір күн демалып, ертеңінде мақта теруге шықтық. Мақта алқабының аяғында екі ат арқандаулы тұр екен. Мақта теру жайына қалды, арқандаулы тұрған атқа бардым. Екеуі де жақсы ат екен. Маңайында бақылап, айналшықтап кете алмай жүр едім, біраздан соң ауыл жақтан бір шал келді. Аттардың иесі сол кісі екен.

- Әй, бала не істеп жүрсің? - деді шал.

- Ата, атты көріп жүрмін, - дедім.

- Көкпар шабасың ба? - деді әлгі қария.

- Иә, шабамын, - дедім. Ол кісі "дұрыс" деді.

- Мақта теріп жүрген балалардың ішінде көкпар тартатындары бар ма? - деп сұрады ол.

- Бар, - дедім мен. Байқаймын, шалдың ойы денелі, ересек балаларға көкпар шаптырмақшы екен. Мақталықта жүрген бір-екі баланы шақырдым. Үш бала келді қасымызға. Қасында тұрған төртеумізге қарап тұрып:

- Қайсың шабасың? - деп сұрады қария.

- Үшеуіміз де шабамыз, - деді әлгілер.

- Жақын ауылда бір көкпар бар, соған барасыңдар ма?

- Біз бара алмаймыз, Жәке. Мына бала барады, осыны апарыңыз, - деп мені көрсетті. Шал мені қомсынып тұр.

- Бұл ештеңе істей алмайды ғой, кішкентай ғой, - деді. Балалар мені бұрыннан білетін еді:

- Жәке, осыны алып кете беріңіз, - десті. Шал менің бетіме бір қарады да, үйіне қарай жүрді. Артынан ердім. Үйіне барған соң шай іштік. Шай үстінде шал баласына:

- Аттарды әкел де ертте, - деді. Қалғансыр деді ме, бір ауылға көкпарға баратынымызды айтты.

Сыртқа шықсақ, аттар дайын болыпты, артып алдық. Ақ волгасы бар екен, баласы үшеуіміз соған отырдық. Мен артта отырмын. Мойнын бұрып тұрып қарады да:

- Ай, саған көңілім отырмай тұр. Өте кішкентайсың, - деді. Біраз үнсіздіктен соң:

- Сейділдә деген шабандозды білесің бе? - деп сұрады.

- Естуім бар, бірақ көрген емеспін, - дедім.

- Ол сен секілді осы волганың артқы орындығына отырғанда, басы мына рөлге тиіп тұратын. Сен оның қасында не бәлесің? Кішкентайсың ғой. Қой, сені арам өлтіріп алармын, - деді.

- Жәке, бара көрерміз, ақыры жолға шығып кеттік қой, - дедім.

- Бара көргенде, түкке жарамасаң не істеймін сені? - деді әлі де көңілі толмай.

- Жәке, жарайтын паспортты көрсетейін бе? - дедім.

- Көрсет.

Етігімді шештім де, қызыласығымды көрсеттім. Аяғыма бір қараған қария:

- Болды, бала, кеттік! - деді.

Салып-ұрып көкпар болып жатқан ауылға бардық. Жаңа басталып жатыр екен. Ортада бір палуан жүр. Қазіргі мөлшермен айтсам, дене бітімі Әбілханнан (Әбілхан Дауылбаевты айтып отыр – Е.Ж.) дәу. Қасына барып, бой салғастырғам жоқ, шалдың екі атының бірін мініп, ат үстінде қарап тұрдым. Айналадағылардың әңгімесінен білгенім – шабандоздың есімі Күнту екен. Руы – қоңырат, әйгілі палуандардың бірі. Бір апарып салым салып қайтты. Серкені тартқандар болды, бірақ ешкім ала алған жоқ. Екінші салым да дәл солай салынды. Ешкімді шеніне келтірер емес.

Қасымда тұрған қария:

- Көрдің бе ей, бала? - деді.

- Көрдім, Жәке.

- Не істейсің? Жүрегің дауалай ма? - деді шал, мысқылдай.

- Жәке, жүректі не қыласыз. Мен сізге уәде берем, оған жетсем – көкпар менде, ал жете алмасам – өкпелемеңіз. Тақа жете алмай бара жатсам, бір-екі жігітке айтып қойыңыз, көкпар алып қашқан кезде Күнтуды маған қарай қақпақылдасын. Қолым тисе болды, көкпар менікі, - дедім.

- Бопты!

Сонымен не керек, алып шықты. Зырқырап қосылдым. Жеттім. Екі сілкіп тақымынан жұлып алдым. Сол бойы апарып салдым салымды. Екінші жолы да тартып алып, салым салдым.

Мені ертіп жүрген адамның есімі Ақжол екенін сол жерде білдім.

- Бала, Күнтудың түсі бұзылып кетті. Ол сені не атпен қағады, не қамшының астына алып, сабайды. Оған біз ештеңе дей алмаймыз. Өзі ағайын адам, бәріміз бір қоңыратпыз. Сен енді қайт, - деді Ақжол атам.

- Қайда қайтам? - деп бетіне қарадым.

- Жаңағы ақ волгаға отыр, - деді. Есім шығып кеткен, топырлаған адам, ақ волганы қайдан табам. Ақыры Ақжол қария өзі апарып волганың артқы орындығына мені жатқызып тастады.

- Көкпар біткенше тұрма! - деп ескертті.

Көкпар тарқады. Күнту мені іздепті. Таба алмаған екен. Ақжол шал менің бәйгемді өзі алып келді. Ескі ақша ғой, 700 сом бәйге алыппын. Қуанып кеттім. Үйге қайттық.

Мақталыққа келген соң бірге жүрген оқушылардың бәріне, мұғалімімізге де 300 сомды таратып бердім.

Нәбидің боқтығы

IMG_7611.JPG

Ауылды жеңдім. Түлкібас ауданында маған тең келер ешкім қалмады. Ешкім де тақымымнан серкені суырып ала алмады. Кімнен сұрасаң да "Зұлпыхардың тақымынан серке тартып алып едім" деп айта алмайды.

Есейіп қалған кезім. Колхоздың сиыршысымын. Қасымда Кеңесбек деген серіктесім бар еді. Бір күні Жуалыда көкпар барын естідім.

- Кеңесбек, мына Жуалыда көкпар бар екен, екі күнге соған барып келейін, - дедім. Жуас жігіт еді, "мейлі" деді. Қораға жемді толтырдым да, кеттім "көкпар, қайдасың?" деп.

Келсем көкпар әлі бастала қоймапты. Елдің бәрі ас ішіп, аттарын дайындап жүр екен. Мен де келіп тамақтанып алдым. Бір кезде басталды. Дүркіреген дүрмек. Қарап тұрмын, қалай шабамын деп. Танитын ешкім жоқ. Көкпарды әкете берген соң, қарсыластар жиылып келіп сабап кетеді. Содан әбден зәтте болып қалғам. Осылай тұрғанымда, екі ақсақал келе жатыр екен атпен. Сәлем бердім. Менен 5-6 жас үлкен Имаш деген палуан бар еді, соның таныстары екен. Мені де танитын еді.

- Зұлпыхар, келіп қалдың ба? – десті.

- Иә, келдім. Бірақ қай жаққа шабарымды болжай алмай тұрмын, - дедім.

- Ой, қызыңды... біздің жаққа қарай шаба бер, - деді екі шалдың бірі.

Додаға араластым. Астыма мінген айғырым пәс еді, жерден бірден көтеріп әкеттім. Бірнешеу балаққа жармасты, құлыптақымға түскен соң қайдан ала алсын, апарып салдым.

Аз уақыт ат тынықтырып алып, қайта араластым. Жерден ілдім де, тақымға бастым. Апарып салдым.

Сондағы Нәбидің (атақты көкпаршы, "Әулиеата" көкпар командасының негізін қалаушы Нәби Момыновты айтады – Е.Ж.) айтқаны ғой, "Ой, ... мына бір жалмауыз қайдан келді? Бұл бір бәле ғой, бұл!" - деп боқтап жіберді мені. Содан кейін Нәби тұрды да:

- Бәрің бір жаққа шабыңдар. Не қылсаңдар да осыдан көкпарды алыңдар! Керек болса, атпен қағыңдар! - деді айғайлап.

Дода басталып кетті. Тағы да тақымға басып үлгердім. "Біреу қақ деп айтты деп, бәрі қаға қоймайтын шығар" деп ойладым басында. Мен ойлағандай болмады. Бәрі де қақпақылдай бастады. Қаға-қаға 10-12 метрдей қиядан жыраға түсіріп барады. Ат тәлтіректеп барып су ортасына тоқтады. Көкпар әлі тақымымда еді, өңгеріп алдым. Түскен жерім әжептәуір жарқабақ екен, ат шыға алмады. Жүз метірдей жүрген соң, жайдақ жағаны көрдім. Сол жермен шығып келсем, мені жарға итергендер алдымда тұр екен. Жақындасам жабыла кетпекші. Амал жоқ, жақындап барып, көкпарды қайта тақымға басып алып, қарсы шаптым. Олар да ұмтылды, Құдай абырой бергенде, сытылып шығып, атқа қамшыны көміп-көміп жібердім.

Әне-міне дегенше мәреге де жетіп қалыппын, ат басын сілкіп қалып едім, кілт тоқтады. Көкпар тақымымнан суси түсті.

- О-о-о, жалмауыз-ай! Таза жалмауыз екен! - деді Нәби.

Ауылға қайтып кеттік. Ол кезде Нәбидің кім екенін мен білмейтін едім. Осыдан бір-екі жыл бұрын Нәбидің Күліпбай деген інісі бар еді, сол айтты.

- Ай, ата, сізде тегі бет жоқ екен ғой, - деді.

- Е, не болды?- дедім.

- Сейітқұл батыр асында көкпар шапқаныңызды білесіз бе?

- Білем.

- Сонда жарға түскеніңіз есіңізде ме?

- Есімде. Сен де сонда болып па едің? - дедім.

- Барып, көрдім ғой, - деп бағанағы тарихты айтып берді. Сол кезде мені боқталап жүрген Нәби марқұм екенін білдім.

 "Ауды алып кел" 

IMG_7614.JPG

Қырғызға да талай барып көкпар шаптым. Ертеректе біздің бір ініміз бен бір қырғыз жігіт әскерде бірге болыпты. Бір күні сол қырғыз жігіт ініме:

- "Ауды" алып келші. Сағынып жүрміз. Өзі өлі ме, тірі ме? - деп сұрапты.

- Ой, бәйке, айтып отырған "Ауың" кім? - дейді менің інім.

- Ой, Шымкент облысында көкпардың палуаны бар ғой.

- Е, сенің айтып отырғаның Зұлпыхар шығар? - дейді ініміз.

- Иә, иә, сол, соны Қырғызстанға алып келші, - деп өтініш жасапты.

Менің "Ау" атануымның өзі қызық болды. Бір жолы "Қырғызстанда көкпар бар, соған барып қайтайық" деген ұсыныс түсті жігіттерден. Бардық. Көкпар қайнап жатыр екен. Жеті салым салдым. Жетеуінде де жүлдесі тай болды. Сол жолы қырғыздар мені "Ау" деп атап кетті. Қырғызстан мені "Ау" деп таниды осы күні.

Сол көкпарда қырғыздың қызғаншақ билері "тартпасын кесіңдер" депті. Тартпамды кесіп жіберіпті. Дереу тақымымдағы көкпарды қасымдағы адамға ұстата қойдым. Құдай абырой беріп, аттан ауып түспей қалдым.

"Сауға күйеу, сауға!"

IMG_7618.JPG

Пісіп тұрған кезім. Кез келгеннің тақымынан бір-ақ тартып көкпарды жұлып аламын. Бір күні біздің ауылда көкпар болды. Адам көп. Бір қарасам доданың ортасында қайын атам да жүр. Ол кезде үйленгеніме бес-алты жыл болып қойған кез еді.

Әдеттегідей, көкпарды алам да салам, алам да салам. Бір суырылып шыққанымда қапталыма келіп қалған қайын атамды байқадым. Келе серкеге жармасты.

- Балам, балам, сауға, сауға! – деді. Жағдай түсінікті, қалай бермейсің. Тақымыңдағы серкеге қайын атаң жармасып тұрса. Астында есік пен төрдей жеткен айғыры бар, өзі де айтулы шабандоз болған, атан жілік адам еді. Бердім серкені. Кезінде күллі Өзбекстанды, бүкіл Тәжікстанды бір тақымымен билеген Бекбауов Сәтбай дегенде кез келгені атын түсіп берер абыройлы болған кісі еді, жарықтық.

Серке кетті қайын атамның тақымында бұлғаңдап. Мен де ат екпінімен жылыстап шетке шыға бердім, артымнан қамшы қарша борап әкетті. Жалт қарасам өз әкем. Қамшының астынан алып жатыр.

- Серкені неге бересің?! – деп ақырды. Тіл қатуға шама жоқ, иінімнен су кете бастағанда ауылдың қариялары көмекке келді.

- Уа, Молдеке, тарынба! Өзінің қайын атасы, күйеу деп сұрағанда бұл қалай бермей тұрады? Басқаға емес, өзінің туған қайын атасына – сенің құдаңа берді ғой – деп ауылдың шалдары әкемнің қамшысынан ажыратып алды.

Көкпардың кегі қамшымен қайтты

IMG_9336.JPG

Бір жолы Борандыда көкпар өтті. Диханкөл жақтан бір сары айғыр сатып алған едік, соның әуселесін көретін сәт келді. Өзі де келісті жылқы еді, тақымыңнан танитынның нағыз өзі болатын. Қай аяғың қимылдаса, содан-ақ сезіп тұратын, жануар.

Борандыда сары айғырман салымды салдым-ақ. Сынаптай сусиды ғой, шіркін. 12 салым салдым. Көкпар соңында 5-6 жігіт бірігіп қуып жүріп сабады мені. Өздеріне көкпар тимей, құсаланып кеткен ғой.

- Сен неге қайта-қайта сала бересің? Неге тартып ала бересің? – дейді әлгілер маған. Мен де қайтпаймын:

- Шамаң келсе сен де сал. Тіпті, бүкіл салымды сен салсаң да "ыхы" демеймін, шамаң жетсе.

Арқамнан алуға келер жоқ, қамшы айғыздап кетіпті. Көкпар тарқады. Сол ауылдың бір жігітінен Егізбай, Сегізбайлардың үйі қайсы екенін сұрадым. Көрсетіп жіберді. "Ақанның үйі қайсы" деген едім, оны да меңзеді. Рахметімді айтып солай қарай жүрдім. Егізбай, Сегізбай, Ақан дегендер бағанағы мені сабаған жігіттер. Үйіне бардым. Сырттан айғайлап дыбыс беріп едім, үйден бір жас келіншек шықты.

- Келін, амансың ба, Ақан қайда?

- Ата, көкпарға кеткен.

- Әлі келмеді ме?

- Жоқ, ата, келген жоқ.

- А, көкпар тарқап кеткен еді – дедім.

- Білмедім, ата, әлі келген жоқ – деді келіншек.

- Айналайын, келін, күйеуіңді көкпарға мені сабасын деп жібердің бе? – дедім келіншекке. Абдырап қалды.

- Тыныштық па, ата? – деді. Үстімде астарсыз кәстөм мен бір қабат көйлектен басқа ештеңе жоқ еді. Оның өзін қамшы өрім-өрім ғып тіліп тастаған. Міне деп арқамды көрсеттім.

- Ойбу, Құдай-ай! Недеген ұятсыздар, – деп келіншек шегіншектеп кетті.

- Келін, егер күйеуің біздің Түлкібасқа барса, атпен соғып, әдейі өлтіремін. Тіпті осы жаққа келіп көкпар шапсам да, байқап жүрсін, бүгін мені қалай қамшының астына алғанын ұмытпасын! Абайласын! – дедім.

Соны айттым да, атты бұрып, ауылға кетіп қалдық. Үйге келіп, алдымызға енді шай келе бергенде, үй сыртына біреулердің келіп жатқанын айтты.

Қарасам бағанағы мені сабаған Ақанның тума-туыстары екен. Ат-шапан айыбын алып, кешу сұрап келіпті.

- Ата, осындай бір білместік өтіпті. Сіз әкемізбен үзеңгілес болдыңыз, ағамызбен бірге көкпар тарттыңыз. Бәріңіз де дәмдес-тұздас болып едіңіздер, мына бала бір білместік жасаған екен, соған кешірім сұрап келдік – деді әлгілер.

- А, жарайды. Кешірдім, есімнен шықты, болды. "Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш" деген аталарымыз, кішілік танытып, кешірім сұрап келген екен, кешірдім, - дедім. Сонымен әңгіме тәмәм болды.

Бір жолы тағы сол Боранды жаққа құдалыққа бардық. Көкпар шабам деген ойда жоқ, құдалықта жүрген адаммын. Бір кезде құдамыз:

- Құда, ауылда көкпар болайын деп жатыр екен, - деді.

- Ендеше не отырыс, тамақ дайын болғанша барып, көкпар тамашалап қайтпаймыз ба? – дедім құдама қарап.

Көкпарға машинамен бардық та, таныс жігіттерден ат сұрап мініп, тамашалап жүрдік. Көкпарға араласып, додаға кірген жоқпыз. Бірақ мені біреулер сабап кетті.

Бәрі неге сабағанын білгісі келеді. Қайдан білсін біздің арамызда не болғанын. Сабаған жігіттердің кім екенін жақсы білемін. Арамызда бітіспеген көкпар дауы бар ғой. Өздері тақымнан ала алмайды, жерден көтере алмайды, қуып жете алмайды, сосын ыза болып, тісін басып жүреді ғой.

Қолаханның төрт ұлы бар еді. Соның үшеуі сабады бұл жолы. Оның себебі де жоқ емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір көкпарда маған көкпар тартқызбас үшін жаңағы төрт жігітті салған. Мен бұл әрекетті біліп қойдым.

Көкпар басталды. Серке жеңіл екен. Тақымға бастым да, бірден мәреге қарай салдым. Жаңағы төрт жігіттің бірі келіп серкеге жармасты. Қармаулы жігіт екен, біршама еңсерді. Дегенмен байлаулы көкпар еді, зымырап бара жатқан атты кіл бұрғанда ана жігіт екпінімен барып ат-матымен екі-үш домалап кетті.

Бүгін құданың ауылында жеген таяқ соның қайтарымы еді.

Тана тарту

 Максим Горький ауылында (қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Дауан ауылы - Е.Ж.) жігіттер сынға түседі екен деген әңгіме шықты. "Жігіт сынағанда не істетеді екен?" дегенде "көкпарға тана тартқызады екен" деген қауесет гулеп кетті.

Қызық көрмекке біраз жігіт жиналған екен. Барлығы да сен тұр, мен атайын дейтін сайдың тасындай жігіттер. Сынақ басталып кетті. Небір атан жілік жігіттер орнынан қозғай алмады. Үзеңгілікке дейін көтергендер, тіпті орнынан көтере алмай, атынан ауып түскендер де болды.

Кезек маған келді. Көтердім. Бірақ көкпар тартықан жоқпыз, тана тартты деген ырымын жасап, тақымға бір-бір басып қойдық. Болса да, менен басқа ешкімі көтере алған жоқ.

Колхоздың басшысы болған, көршім Әйтімбет Шыңғысбеков деген жігіт Шымкенттің ар жағында Қызылдала деген жерге қарындасын ұзатқан еді, сол құдасының ауылы көкпар беріп, соған Әйтімбетті шақырыпты. Ол маған келді, көкпарға шақырды, бізбен бірге барасың деп. Жарайды дедім.

Бардық. Той өткен соң көкпар басталды. Сырттай бақылап тұрмын. Әркім бір апарып салым салып жатыр. Кісі қарасы да молайып қалды. Бір уақытта той иесі маған келді.

- Көке, көкпар шаппайсыз ба?

- Мен көкпар шабады деп кім айтты? - дедім, бетіне сынай қарап.

- Ой, көке, сізді елдің бәрі біледі ғой, Қазақстанның мықтысы дейді. Осы төңіректе сізден мықты көкпаршы жоқ деп естіп жатырмыз – деді ол.

- Естісең дұрыс екен. Бірақ бір уәде беремін, көкпарыңды алам да, тақымға басамын. Егер барып, қайт десең барып-қайтамын. Әйтпесе жиырма метр жүрем де қайтамын. Егер мен тақымға басып тұрғанда біреу жақындап, көкпарға ұмтылатын болса, серкені жерге тастай саламын.

- Неге? – деді әлі жігіт түсіне алмай.

- Сенің мақсатың менен серкені тартып алу.

- Жоқ, көке, сізге ешкім таласпайды.

- Бопты ендеше, - деп додаға кірдім. Дәу көсем серке екен. Ішіне тұз толтырыпты. Байқаймын, салмағы 100 келіден асатын секілді. Еңкейіп, жерден көтеріп алдым да, мәреге апарып салып, қайта алып қайттым.

Келген соң бір жігіттен серкенің ішіне тұзды қалай салғандарын сұрадым.

- Ата, серкенің қан-жынын ақтарып тастаған соң, көтенішегінің тесігінен салып отырады. Толғанда таяқпен

нығарлап, итереді – деді бір бала.

Жалғыз аяқ көкпаршымен тартыс

IMG_8923.JPG

Осы жасыма дейін көкпарға шамам жетпей, серкені жерден көтеріп ала алмай қалған кезім болмапты. Бір-ақ рет еңкейемін. Сол бойы бойымды тіктегенде серкені тақымыма қыса түзелемін. Бұл да болса Құдайдың берген бағы. Көпарға еңкейген сәтімде-ақ серке маған қарай өзі ырғыған секілді болып тұрады. Өз-өзінен жерден көтерілгендей сезіледі. Күні бүгінге дейін сондай. Мақтанғаным емес, күллі Қазақстанда екі көкпаршы болса – бірі мен, біреу болса – соның өзімін.

Бір жолы Төлеби ауданында көкпар өтетін болды. Ол жақта менің нағашыларым – жаныстар тұрады.

Өзіміз жақтағы Жуалыны, Сайрамды, Қарабұлақты жеңіп болған соң, көкпардың ту тіккен мекені Төлеби ауданы, Қазығұрт, Шегір, Қаратас жаққа барғым келді.

Іздегенге сұраған дегендей, Төлеби ауданында көкпар бар дегенді естіп, әкем екеуміз солай тарттық. Екеуімізде екі жақсы айғырымыз бар.

Бұл өлкеге көкпар шабу үшін алғаш келе жатырмын. Жолда бір моланың шетіне тоқтаған әкем:

- Балам, мына жерде менің әкем Әбжаппар жатыр. Бұл моланы Мыңсейіт әулие деп атайды, құран бағыштайық – деді. Айтқанындай жасадық.

Көкпар өтіп жатқан ауылға жеттік. Енді басталып жатыр екен. Мен де бір шетінен барып тидім. Қойға шапқан қасқырдай болдым. Типылдап сыпырдым. Енді тартпаған бір-ақ адам қалды. Ол адам менен бес-алты жас үлкен. Менің арманым сонымен тақым түйістіру. Ол – Бәкіртай деген азамат. Қазіргі кезде "Құлагер" көкпар командасында Сабыржан деген бір жігіт көкпар тартып жүр ғой. Бәкіртай – соның атасы.

Бәкіртайдың бір ерекшелігі, кірген жерінен құр қол шықпайды. Қолма-қол тартысып жатқан топқа кірді ме, бұзып-жарып серкені алып шығады. Оң қапталдан көкпарды жұлып алады да, дереу сол жақ тақымға тығып үлгереді. Тақымға көкпар тиген сәтте, "Атта сен сорлы, адамда мен сорлы, жүр жануар" деп атты жалынан қамшымен бір ұрады. Болды, мәреге қарай тартады аты. Осы жолы да бір дәу көк атпен ойранды салып жүр. Кіреді де, алып шығады, кіреді де алып шығады. Ал Бәкіртайдың тақымына көкпар тисе, басқалар бата алмайды. "Бұлар неге ұмтылмайды" деп ойладым да, өзім тартыспаққа ниеттендім.

Тағы бір ортаны жарып шыққанда мен де қапталдастым. Серкеге қолым тиер-тиместе тарта жөнелдім. Байқаймын, көкпардың көбі маған қарай еңсеріле бастады. Бәкіртайдың тақымынан сусыған серкенің кеудесіне дейін келіп қалды. Осы кезде ол маған қарап:

- Әй, жиенім! Айналайын, жиенім? - деді.

- Ау?

- Мен нағашыңмын ғой. Жүзімді жерге қаратпа! – деді өтінгендей.

- А, Жәке, болды, - деп тақымыма басуға айналған көкпарды шамам келмеген адамша сусытып Бәкіртайдың бұлғағына бере салдым. Салым салды. Қайта айналып келіп, мені оңашаға шығарды.

Көкпар өтіп жатқан алаңнан шеткері бір көгалға отырдық. Шалбарын шешті. Құдай сақтасын! Жаннан безген екен. Оң аяғы қара санынан жоқ. Тәубәма келдім. Бір аяқпен жүріп кез келгеннен серкені тартып алу үшін кім болу керек? Күш деген сұмдық!

Алдымдағы жалғыз аяқ көкпаршыны көргенде менікі құр кеуде, бөспелік екенін түсіндім. Егер мынаның екі аяғы тең болғанда дес берместің өзі екенін ұқтым. Жоқ аяқтың орнына протез кигізіп қойыпты.

- Жиен?

- Ау?

- Бұдан кейін жылда келесің, жылда көкпар шабасың. Оны ішім сезіп отыр. Келгеніңе де, көкпар шапқаныңа да қуанбасам, тарынбаймын. Бірақ, бір тілегім бар... – деп "бересің бе, бермейсің бе?" деген адамша бетіме қарады.

- Айтыңыз, - дедім.

- Айтсам, күйеубалам ағасы екеуі көкпарға шабатын еді. Шамаң келсе, сол екеуін әбиірсіз қалтырма. Сенен өтінерім сол ғана – деді.

- Болды, нағашы, тілегіңізді бердім – дедім.

Кейін сол екі жігітпен танысып алдым. Қоңырбөрік деген жерде тұрады екен. Мықты шабандоздар. Нағашыма берген уәдем бар, ол екеуімен көкпар тартысқан емеспін.

"Біртартар" Зұлпыхар

Колхозда күзетші болып істеп жүрген кезім еді. Бір күні колхоз бастық келіп, көкпарға баруым керектігін айтты. Көкпар өтетін жер жаңағы Қоңырбөріктің маңы екен. Колхоздың дәмелі деген аттарын артып алып бардық. Маған бір тапалдау келген, аласа ат тиді. Бәрі маған күлді.

- Халайық, мына Зұлпыхар ат таппағандай, сонау Түлкібастан бір есек алып келіпті, - деп күлісті. Елдің әзіліне менен бұрын бригадирім ашуланды.

- Әй, Зұлпыхар, жүр қайтамыз, - дейді аузы бұртиып.

- Неге?

- Мына атыңмен көкпарға ілесе алмайсың, - деді.

- Е, оны сол кезінде көресіз. Осы көкпарды тарқатып бір-ақ қайтамыз, - дедім.

Солай дедім де, топқа кірдім ғой мен. Шамамша ойран салдым алаңда. Сонда Шегірден келген Айтуар деген көкпаршының ағасы Сәмет деген жігіт болды. Бір санының өзі менің белімдей. Айтуар серкені жерден көтереді де, ағасы Сәметке береді. Сәмет ештеңеге қарамастан барып салымды салады. Байқап жүрмін, бұл әрекет бірнеше рет қайталанды. Бір кезде айғай салдым.

- Уай, Сәмет, алғаның менің нағашы қарындасым екен, қайынағаңа қарайсың ба, қайтесің? - дедім.

- Қарамаймын.

- Шынымен бе?

- Шынымен!

Көкпар тамашалаған халық бір төбенің бөктерінде, қиялау жерде отырған. Сәмет көкпарды әкетті. Оң жақ тақымына басқан екен, мен сол жағынан келдім. Менің сыртымнан қарап отырғанның бәрі, "Әй, мына бір күйкентайдай болған неме, Сәметтен көкпарды тартып алам деп жүр ме екен?" - десіп мысқылдапты. Соны естіп қалған бізді алып барған шопыр, "Жәке, сол күйкентайдайыңыздың қолы көкпарға тисе, көкпар соныкі дей беріңіз" депті. "Е, ол соншалықты кім еді?" - дейді тұрғандар. Шопыр, "Ол – Түлкібастағы молданың баласы" - дейді ғой. Сол кезде біреу, "О, ш... "Біртартар" келіп қапты ғой", - деген екен.

Айтқанындай-ақ, мен де Сәметке жеттім. Бойым жетпейді, артынан айналдыра тартуға. Менімен бірге Сәметтің серке жақ қапталына біреу келіп, тартпақшы болып жатыр екен. Оған, "Әй, сен оны тартып әуіре болма, көкпарды көтеріп, менің қолыма іліктір" - дедім. Ол да не айтқанымды ұға қойды, серкенің сирағын ұстата берді маған. Апыр-топыр шауып келе жатып, бір ойпаңдау жерге келіп қалған екенбіз, ат қарғи бергенде Сәметті аударып тастай бердім. Ат-матымен бірнеше аунап түсті. Басындағы тақиясы ұшып кетті. Қасынан зулап өтіп бара жатып, басы дөңгелек-дөңгелек таз екенін байқап қалдым.

Өзінен бәлен есе кіші біреудің тақымынан серкені суырып алғанына бір ұялса, басының тазы елге көрініп екі ұялып, Сәмет жерге қарады.

Көкпар қатерсіз болмайды

IMG_8933.JPG

Осы жасқа келгенше біреуге өз еркіммен тақымымнан шығарып бермесем, біреу менің тақымымнан тартып алып көрген жоқ. Тағы бір айта кететіні – өмірі көкпар шауып жүріп аттан жығылған емеспін. Әрине, жабылып сабап, аттан аударып тастағандар болды. Ат жығылып, бірге жығылған кезім болмаса, жеке өзім көкпарға шамам келмей аттан жығылған емеспін. Айыл үзіліп, үзеңгібау үзіліп аттан жығылғанды мен жығылдым деп есептемеймін. Кәдімгі сары үзенгіден бес үзенгі сындырдым осы күнге дейін.

Ал қабырғам сынып, жіліншігім, аяғым, қолым сынып мертіккен кезім көп. Сынықты санамағанда бес-алты мәрте талып құлаған кезім болды.

Ең алғаш жоғарыда айтқан қайынатама сауға беретін жолы мертіктім. Бес рет салым салып, алтыншысын еңкейіп алайын деп жатқанда, бір қусирақ шауып келіп, атпен қағып өтті. Сол еңкейген бойы құлап түстім. Есімді жисам ауруханада жатыр екемін. Басында қайдан келіп, қайда жатқанымды түсінген жоқпын. Көзімді ашсам әппақ бірдеңенің ішінде жатырмын. Қасымда екі бос төсек тұр. Қайда жатырмын, қайда келдім, неге келдім білмеймін. Бір кезде дәрігер келіп, не болғанын түсіндірді.

Екінші жолы – әкемнің әкесі – атам жатқан Мыңсейіт әулиенің маңында бір көкпар болып жатыр деді. Колхоз бастық Батырбек деген кісі еді, жақында ғана 12 құлын беріп бір айғыр алған болатын. Соған мініп шабуымды өтінді.

Көкпар алаңына бардық. Едел-жедел екі салым салып, үшіншісін алып бара жатқанда талып қалыппын. Бұл жолы ешкім ұрмай-соқпай жығылыппын. Елдің бәрі дереу көкпар берген кісінің үйіне апарып, есімді жинап алуыма көмектесті.

Бұндай жағдайлар көп, қайсы бірін айта бергендейсің...

 Әлі де бірінші салым менікі

 Соңғы жылдары денсаулығыма байланысты көкпар шаппайтын болдым. Дегенмен ең соңғы шапқан көкпарымда бір "Жигули", бір шетелдік көлік ұттым. Шетелдік көлікті алғанда көкпар бергендер атағыма жығылып, мінгізіп жібергендей болды. Себебі көкпарды тақымыма басқаныммен, салым салмадым. Ұйымдастырушылар "атамызды зейнетке шығарамыз" десіп, сый-сияпат жасады. Ол кезде жасым 65-тен асқан еді. Қазір 82-ге аяқ басып барамын. Одан бері де көкпарға барып, бата беріп, серкені тақымға басып, алаңды бір айналып келемін. Басында жасым үлкендігін бұлдап, тойбасшыға тізе көрсетуші едім.

- Елдің бәрі салған салымды мен сала алмайды деймісің, маған да бір салым салуға мүмкіндік бер – деймін ғой. Кейін той өткізгеннің, көкпар бергеннің барлығы салымды маған бастататын болды. Қазір де сондай.

"Бүркіт" десе бүркіт екенсің

Өткен жылы Төлеби ауданына көкпарға бардым. Көкпар шабуды мүлде қойып кеткем. Жәй тамашалау үшін барғамын. Біреу сұрапты, "Түлкібастан Зұлпыхар келді ме?" деп. Мені білетін адам екен, "келді" депті. "Маған көрсет" деген екен, мен тұрған жаққа нұсқап жіберіпті.

Жиынның шетінала тұр едім, сақалды, орта жастағы бір кісі келді.

- Ассалаумағалайкум.

- Уағаликумсалам.

- Қайдан келдің?

- Түлкібастан.

- Көкпар шабасың ба?

- Шапқам, енді жас келді ғой.

- Қолыңызды көрейінші – деді әлгі кісі.

- Міні...

- "Бүркіт" десе дегендей бар екенсің – деді әлгі адам.

Менің көкпарда жүріп алған лақап есімім көп. "Бүркіт", "плоскогубцы", "Ау", "Біртартар", "Қыран", "Түлкібастан шыққан арлан", т.б. Жаңағы кісінің айтып тұрғаны сол "Бүркіт" деген лақап атыма қатысты ойы екен.

 Әбілханның бойында жаны бар ма?...

 Бірде командалық көкпарға жігіттерді дайындау үшін Шардараға бардық. Жігіттер екі топқа бөлініп, өзара сайысқа түсіп жатты. Біз сырттарынан бақылап отырмыз. Бір кезде анадайдан бір дәу көрінді. Дәу болғанда да Әбілқаннан (Дауылбаевты айтып отыр – Е.Ж.) жарты метр биік. Нағыз қаратаспа, ұзынтұраның өзі. Қасында сайдың тасындай ірі-ірі төрт-бес жігіті бар. Бізге тақап келіп тоқтады. Арамыз 30-40 қадамдай жер. Әңгімелері естіліп тұр. Сөз ләмінен байқағаным шардаралық Мамай деген көкпаршы екен. Қасындағыларға көпіріп әңгімені жіберіп жатыр. "Өзбекстанда көкпар шаптық. Серкені ешқайсысына бермей, тақымға басып алып, мәреге тарттым. Қалың өзбек жабылып, атымды қақпақылдап, Сырдарияға салды мені. Атым жығыла жаздап әрең қалды. Соған қарамай, салымды салдым" - деді әлгі Мамай.

Сөйтіп тұрғанда анадайдан Шекербек деген ақын жігіт көрінді. Ол да мені байқап қалған екен:

- О, Америкаға белгілі, Англияға белгілі, Түлкібастың "Біртартары" Зұлпыхар келіп қапты ғой, - деді. Анадай әңгіме айтып тұрған шал маған жалт қарады да:

- Бері кел, бері! – деді. Бардым.

- Ә, сен көкпар шабасың ба?

- Жоға, Жәке, қайдағы көкпар?..

- Енді мынау не деп тұр? – деп Шекербекті меңзеді.

- Оны білмеймін, Жәке.

- І-і-і-м, шаппайсың ба?

- Жоқ, шаппаймын.

- Қайдан келдің?

- Түлкібастан.

- Сен шапасаң, балаң шаба ма?

- Иә, шабады.

- Кім?

- Жұлдызхан. (Жұлдызхан Тайырбеков "Әулиеата" көкпар командасының белді ойыншысы болды – Е.Ж.)

- Әй, Жұлдызхан шынымен сенің балаң ба?

- Иә – деп едім шал маған сенбегендей бетіме қарап тұрды да, тағы сұраққа алды.

- Ол неге дәу? Әлде әйелің ірі денелі ме? – деді. Сөзінен "сенің түрің мынау, шынашақтай-ақ" деген сыңайды аңғардым.

- Әйелім өзімнен де кішкентай – дедім.

- Сонда қалай Жұлдызбек дәу боп туды? – деді ол шынымен таңғалысын жасыра алмай. Ішімнен бір қуылықты ойлай қойдым да, әзілдеуге көштім.

- Ой, Жәке, сіз де талай көкпар шапқан шығарсыз?

- Иә, шаптық қой кезінде.

- Бір көкпарға қатысып қайту үшін үйге қонбай неше күн жүресіз? – дедім әдейі, қайтер екен деп.

- Бір-екі күн, ары кетсе үш күн жүрем.

- Ммм, мен бір кеткенде аз дегенде бір ай, әйтпесе екі ай аттан түспей жүремін. Екі ай көкпар шауып, дала кезіп кеткенде, Әбілханның да бойында жан бар шығар, - дедім. Әлгі шалым қарқылдап күлді. Қасындағы жігіттер де қыран-топан күліп жатыр.

Баталы құл арымас

Көкпарда өзіңнің ептілігің мен атыңның жылдамдығына, мықтылығына сенесің. Атыңмен үйлесе алған кезде ғана сен нағыз шабандозға айналасың.

Осы жасыма дейін небір қылқұйрық тақымымнан өтті ғой. Мен баратын көкпарға мен үшін деп алдын ала ең аз дегенде он ат дайындалады. Әйтпесе он бес аттан кем болмауы керек. Қай жерге барсам да сол. Мен келеді дегенді естігеннен-ақ ат дайындап қояды. Ат ұстайтындар өзара кеңескенде, "Атты берсең Зұлпыхарға бер. Атыңды жұртқа көсетеді, тақымына басады, суырылып шығады, салымды салады" дейді екен.

Бірақ маған атын бергісі келмейтіндер де болды. Оның себебі, маған ат берген адамды сол ауылдың менен жеңілген жігіттері қорқытады екен.

Мен додаға кірген соң демалып отырған адам емеспін. Ол үшін мықты ат керек. Ал мен өзім ауылдан шалдардың атын алып барсам, міндетті түрде шалдың өзін де ала барамын көкпарға. Сосын аттарға өзім қараймын. Шөбін саламын, суарамын, астын тазалаймын. Көкпар алаңына барарда барлығының атын ерттеп, қолтығынан демеп мінгізіп, бірге апарып жүрдім.

Тағы бір жақсы көретін ісім – бата алу. Салымнан түскен ақшаны қалтама бөлшектеп салып қойып, ақ сақалы бар адам көрсем қолына ұстатып, батасын алуды жақсы көремін. Тіпті ол адамды танымасам да, немереңізге тәтті алып беріңіз деп ырымдап беретін едім. Қариялардың риза болғанынан артық не болсын, кейбіреулері жылап жіберетін. "Немереміз, баламыз сендей болса қанеки" дейтін сол шалдар.

Қазіргінің бәрі "қатын-палуан"

Біз кезінде көкпарға кәсіп ретінде қарадық. Қазіргі жастар ермек үшін шабатын секілді. Жаңағы Жұлдызханға көкпарды тықақтап отырмасаң үйренбейді ғой. Бұған дейін бүкіл өңірді көкпарға тәрбиелегемін. Қазір төрт немереме көкпардың қыр-сырын үйретіп жүрмін. Екеуі көкпар тартуға жарап қалды.

Сол немерелеріме үнемі өз атыңды өзің бақ деймін. Себебі үнемі бір адам бағып, бір адам суарып, жем-шөбін берген адамға ат та үйренеді. Сенімді болады. Астыңдағы атың сенімді болса, кез келген көкпарды алаңдамай ала бересің.

Осы немерелерімді тәрбиелеу үшін өзім қолдан серке-муляж жасадым. Әйтпесе маған кім күнде көкпарға серке беріп отырсын. Тура серке секілді етіп бұрынғы жібек қанардан қап тігіп, үйренетін балалардың ортасына беріп қоямын.

Дегенмен қазіргі жаппай көкпарда құн қалмады. Қазіргі шауып жүргеннің бәрін қатын деймін. Бір шабандоз жоқ. Бәрі дүниеқоңыз. Керек десең біздің Жұлдызхан да солардың қатарында. Соңғы жиырма жылда жаппай көкпарда бір шабандоздың бір шабандоздан серкені тартып алғанын көрген жоқпын. Бір де біреуін.

Біздің кезімізде "Анау Төлебиде көкпар болады екен десе, "ірі салымдары көп" - десе, "қанша лағы бар екен?" деп сұраушы еді. "10-12 лағы бар екен" десе баратын еді. "2-3 лақ" десе бармайтын еді.

Ол кезде ортаға тастаған серке 2-3 салымнан аспай жыртылатын еді. Жыртылған көкпарды "мынау шымырдың қариясына", "мынау сиқымның қариясына" деп арнайы атын атап беріп жіберетін. Ол кезде атақ үшін, ешқандай ақша үшін шаппайтын. Жаппай тартысқа түскен кезде, ең мықты деген менің өзім зорға салатын едім.

Ал қазір бәрі палуан, әкеңнің... Қатын палуан бәрі. Оу, қарағым, палуан деп күресетін адамды айтады. Аударыспаққа түсетіндерді палуан деуге болады. Ал көкпарға қатысатын адамды – шабандоз дейтін бұрын.

Менің "қатын-палуан" дегеніме бәрі ренжиді. Тіпті боқтағандары да болды. Боқтай берсін, шындық солай.

Қазір кім көкпар бергісі келеді? Мен үйдегі кемпірімді алып келемін. Атқа мінгізіп, көкпарды байлап беремін, сосын өзім жетектеймін, кемпірім елу рет салым салмаса, маған кел! 

Қазір көкпарда тартыс жоқ. Мен осыны айтсам, көкпарға қатысып жүрген шабандоздар: "Ой, көке, не қыласыз, көкпар беріп жатқан байлар. Салымды салып-салып, ақшасын алып қалайық та" - дейді.

Егер шындап келсе, қазіргі жаппайға түсіп жүрген жігіттердің ішінде Қошқар (Темірхан Айтбаев – Е.Ж.) мен Бақтыбайдан (Шырынқұлов – Е.Ж.) басқа өздігінен серкені жерден көтеріп алатын біреуі жоқ. Басқаларының қарны тіреп, еңкеюге шамаларын келтірмейді. Содан кейін біреу жерден іліп береді, біреу атын жетелейді, сонымен салым салдым деп мәз. Бірақ бұл палуанның емес, қатынның да қолынан келетін іс.

***

Қарт шабандоздың әңгімесін қаз-қалпында беруге тырыстық. Қазіргі көкпарға, әсіресе жаппай көкпарға түсіп жүрген жігіттерге көңілі толмайтынын байқадық. Дегенмен, 80-нен асқанша тақымынан серке кетпеген қарияға Алла денсаулық берсін. 

Фото: Төлеген Жұматаев
Өзгелердің жаңалығы