Бас жаңалықтар
Жылына 530 мың отандасымызды жұмыспен қамтуымыз керек – Сапарбаев
25 Маусым 2019, 12:30 217

Жылына 530 мың отандасымызды жұмыспен қамтуымыз керек – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы базалық зейнетақының жаңа форматы енгізілген, соның арқасында бүгінгі күні орташа зейнетақы 85 785 теңгені құрауда. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты.

Жиын барысында министр халыққа әлеуметтік көмектер көрсетіле беретіндігін айтып өтті
.
«3 млн-нан астам адам, оған қосымша әлеуметтік қамсыздандыру қорынан да 800 мыңға жуық қазақстандықтар бар, олардың барлығына 190 млрд теңге бөлінеді. Осы көмекті нақты адамдарға беру үшін әлеуметтік картаны дайындап жатырмыз. Ол жөнінде бұған дейін айтқанбыз. Қазір ол 97 пайыз орындалды, шілденің біріне дейін оны 100 пайыз орындаймыз», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол зейнетақы мәселесіне тоқталып, өткен жылы базалық зейнетақының жаңа форматы енгізілгенін айтты.

«Соның арқасында бүгінгі күні орташа зейнетақы 85 785 теңгені құрауда. Біз қазір жинақтау зейнетақысын дамыту үстіндеміз. Қазір халық жалақысының 10% зейнетақыға аударып отырса, келесі жылдан бастап жұмыс беруші қосымша тағы 5% аударады. Сонда айына зейнетақыға 15 пайыз аударылып отырады», - деді министр. 

Сөз арасында ол, президенттің алға қойған басты мәселесе жұртшылықты жұмыспен қамту болып отырғанын және ол үшін елімізде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатқанын жеткізді.

«Осы бағдарлама аясында жылына кем дегенде 530 мың отандасымызды жұмыспен қамтуымыз керек. Оған биылғы жылға 124 миллион теңге бөлінген. Елбасы биыл «Жастар жылы» деп жариялағанын білесіздер, соған байланысты біз осы бағдарламаға екі жаңа бағыт енгіздік. Біреуі жас маман, екіншісі жас кәсіпкер. Ондағы мақсатымыз қазіргі экономиканың талаптарына сай мамандарды дайындау. Одан ары қарай Бастау бизнес бағдарламасын жалғастыруымыз керек. Гранттар мен шағын несиені көбейтуіміз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық