Жыл соңына қарай Алматы облысында газдандыру деңгейі 61%-ға жетеді
11 Қараша 2021, 19:04 78

Жыл соңына қарай Алматы облысында газдандыру деңгейі 61%-ға жетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлім етті.


Оның айтуынша, биыл тағы 13 елді мекенді газға қосу арқылы тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігі 61 пайызға жетеді.
Атмосферадағы шығарындылар деңгейін азайту үшін елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы біз облыс халқының 59%-інің, яғни 1,2 млн адамның газға қол жеткізуін қамтамасыз еттік. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61 пайызға жеткіземіз, - деді өз сөзінде Амандық Баталов.

Баталовтың айтуынша, өткен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандықтар орнатылуда, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады. 

Бұл ретте Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен газбен жүретін 55 жаңа автобус сатып алынып, қала маршруттарына шығарылғанын айта кеткен жөн. Оған 2,3 млрд теңге бөлінді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...