Бас жаңалықтар
Жыл сайын шамамен 70-80 жобаны іске  қосу жоспарланған - Мамин
02 Наурыз 2021, 09:45 2103

Жыл сайын шамамен 70-80 жобаны іске қосу жоспарланған - Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин АӨК-ті дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы өткен Үкімет отырысында айтты.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру - Үкіметтің стратегиялық міндеті. Бұл ретте Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Азық-түлік ұйымының болжамы бойынша еліміз әлемдік азық-түлік хабының бірі болуға нақты мүмкіндігі бар, - деді Мамин.

Премьер-министр Nur Otan партиясының бағдарламасы бойынша алдымызда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен өңдеу бойынша ірі экожүйелерді құру, субсидия беру жүйесін реформалау, ауылдағы кооперацияны ынталандыру, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерді және аграрлық ғылымды әрі қарай дамыту міндеттері тұрғанын айтты.

Осы шараларды іске асыру нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенде еңбек өнімділігін 2,5  есеге арттыру және 70 % өңделген өнімді экспорттауды екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Бұдан басқа жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есеге ұлғайту керек. Бұл ретте 2023 жылға қарай ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен 100% молықтыру қамтамасыз етіледі. Әкімдер негізгі азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды бақылауға алуы, өңірлерде тұрақтандыру қорларын құру тәсілдерін қайта қарауы, азық-түлікті форвардтық сатып алу механизімін кеңінен пайдалануға назар аударуы қажет деп санаймын, - деді ол.

Мамин осы бағытта Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында тиімді жұмыс ұйымдастырылғанын, бұл өңірлерде бағалардың ең төменгі өсуі байқалатынын айтты.

Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында бағалардың ең жоғары өсуі тіркелді. Біздің басты мақсатымыз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің даму әлеуеті өте жоғары. Алға қойылған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін 4 трлн теңгеден астам сомаға 400-ге жуық инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған. Бұл агроөнеркәсіп салаларында еңбек өнімділігін ұлғайтып, ауылдық елді мекендерде 500-ге дейін жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік жасайды, - деді Мамин. 

Үкімет басшысы Nur Otan партиясының бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша нақты индикаторлар айқындалғанын жеткізді.

Жыл сайын шамамен 70-80 жобаны іске қосу жоспарланған. Жалпы, ұсынылған тәсілдерді қолдаймыз, - деді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...