Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтан – Өскемен бағытының жолаушылары енді 5 сағатын үнемдейді
04 Сәуiр 2019, 14:57 773

Нұр-Сұлтан – Өскемен бағытының жолаушылары енді 5 сағатын үнемдейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Риддер» бағытындағы №375/376 жолаушылар пойызы 2019 жылдың 22 мамырынан бастап Семей-Шар-Өскемен теміржол телімі арқылы жүретіні туралы хабарлайды.

«Тасымалдаушыға түскен көптеген өтініштерді ескере келе, Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, №375/376 «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Риддер» жолаушылар пойызының бағытын өзгерту мақсатында тиісті жұмыс атқарылды» - делінген хабарламада.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен Семей-Локоть және Шемонаиха-Өскемен-1 телімдеріндегі жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар ұйымдастырылды.

«Көрсетілген пойыздың бағытын өзгерту жолаушылардың жүру уақытын шамамен 5 сағатқа қысқартады. Сондай-ақ, мемлекеттік шекара бекеттеріндегі аялдамалар болмайды. Жалпы жол жүру уақыты 23 сағат 23 минутты құрайды» - дейді мамандар.

Жаңа кестеге сәйкес пойыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Нұрлы жол станциясынан 19 сағат 30 минутта жөнелтіліп, Риддер станциясына 18 сағат 07 минутта келеді. Риддер станциясынан жөнелтілу уақыты 21 сағат 55 минут болса, Нұрлы жол станциясына келу уақыты 20 сағат 43 минут.
Загрузка...

Сізден жаңалық