Бас жаңалықтар
Жол полицейлері қызметтік бейнетіркегіштерді пайдаланбаған
29 Қазан 2020, 06:37 62

Жол полицейлері қызметтік бейнетіркегіштерді пайдаланбаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Антикор» орталығында «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдерінің жол полициясы қызметкерлерінің бейнетіркегіштерді пайдалануына жүргізген қоғамдық бақылау жұмыстарының нәтижесі туралы жиын өтті. 

Жиын барысында «Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің  жетекшісі Назима Жұбандықова қоғамдық бақылау жүргізу кезінде облыс аумағындағы полиция учаскелерінде анықталған бірқатар кемшіліктерге тоқталды. 

Қоғамдық бақылау нәтижесінде құзырлы орган қызметкерлері қызмет барысында бейнетіркегіш құралын пайдаланбайтындығы анықталды. Бірі аталған құралғыны тек даулы мәселелер туындаған жағдайда пайдаланатынын айтса, келесі қызметкер қажеттілігіне қарай қосатынын алға тартты.

Қоғамдық бақылау ауылдық жерлердегі полиция учаскілеріне де жүргізілген. Мұнда жағдай тіптен бөлек. Мәселен, Байзақ ауданындағы Бурыл ауылдық округінің учаскелік полиция бөлімшесінің есігі жұмыс уақытында жабық. Тіпті жарығы да қосылмаған. Ондағы полиция қызметкері шақыртуда екендігін айтты. Ал, Қызыл жұлдыз, Үлгілі ауылдық округінің полиция учаскілері әр түрлі себептермен қызмет орнында болмай шықты. Бұл жобалық офистің алғашқы зерделеу жұмысы емес. Бұған дейін де мониторинг барысында учаскелік полиция пункттерін жабдықтау жағдайы бойынша да бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы 5 учаскелік полиция пункті күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етсе, кей мекемелерде жарық, жылу жоқ.

Учаскелік полиция пунктерінің материалдық жабдықталу жағдайының төмен болуы, полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісті деңгейде атқаруына кері әсерін тигізуі мүмкін деген ойға қалдыратыны сөзсіз,- деп атап өтті «Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің  жетекшісі.

Айта кету керек, ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 971 бұйрығымен бекітілген  ҚР ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалану нұсқаулығына сәйкес құқық қорғау қызметкерлері қызметтік міндеттерді орындау, профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операциялар өткізу кезінде бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілуі тиіс. 

Жиын соңында жоғарыда аталған кемшіліктерді жою бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар ұсыныстар берілді. Олар өз кезегінде аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетітін жеткізді.


Фото: дереккөз
Загрузка...