Үш адамның өліміне себепкер болған жол апатына кінәлі көлікті мас күйінде жүргізген

31 Желтоқсан 2018, 13:34
8937
Бөлісу:
Үш адамның өліміне себепкер болған жол апатына кінәлі көлікті мас күйінде жүргізген
Фото: qazaqstan.tv

Астана, BAQ.KZ. Танымал актриса Шолпан Елгезек қаза тапқан жол апатын жасаған «Mercedes Benz G-55» жүргізушісі ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлімдеді.

"29 желтоқсан күні Алматыда адам өліміне себепші жолған жол апатынан кейін қашып кеткен «Mercedes Benz G-55» жол талғамайтын көліктің жүргізушісіне іздеу жарияланып, оны полиция қызметкерлері ұстады. Қазіргі уақытта оған қатысты сотқа дейінгі  тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кінәлі тұлға қамауға алынды", - деді Алмас Садубаев. 

Сонымен қатар ол қаза тапқандардың қайғыларына ортақтасып, жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуіне тілекші екендігін білдірген. 

«Тергеу бөлімшесі жол-көлік апатын жан-жақты тексеру үшін қажетті барлық шараларды қабылдап жатқандығына сендіргім келеді. Жүргізіліп жатқан тергеудің объективтілігіне шәк келтіретіндей еш негіз жоқ.  Іс бақылауда тұр», - деді департамент басшысы. 

Сонымен қатар, Алматы полиция департаменті жүргізушінің жол апаты кезінде мас болғанын айтты.

«Mercedes Gelandewagen» маркалы автомобиль жүргізушісі, 1985 жылы туған азамат К. Абай және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында жол апатын жасағандықтан, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Тергеу барысында жүргізушінің мас болғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына және 347-бабының 3-бөлігіне сәйкес жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді полиция департаментінің өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы