81 жасқа келді. Нұр-Сұлтанда ЖИТС жұқтырғандар қалай емделеді

16 Қараша 2020, 18:18
2807
Бөлісу:
81 жасқа келді. Нұр-Сұлтанда ЖИТС жұқтырғандар қалай емделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 желтоқсан - Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры, медицина ғылымының кандидаты Сәбит Әбдірайымовпен әңгіме өрбіткен едік.

Біз жыл сайын 1 желтоқсанда жастарды жинап, ауқымды акциялар өткізетін едік. Қазір пандемия кесірінен оны жүзеге асыру мүмкін болмай отыр. Биыл Дүниежүзілік сауда ұйымы «Жаһандық ынтымақтастық – ортақ ынтымақтастық» ұстанымын басшылыққа алып отыр. Осы кампания аясында бір апта ішінде біз көптеген акция ұйымдастырып үлгердік, - деді ол.

Әбдірайымов атап өткендей, ЮНЭЙДС-тің Қазақстандағы арнайы өкілі Бақтияр Артаевпен бірігіп іс-шаралар да ұйымдастырылған.

81 жасқа келді. Нұр-Сұлтанда ЖИТС жұқтырғандар қалай емделеді

Қазір мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында онлайн режимде «ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында жазылған шығармаларын оқып шықтық. Балалардың індет жайында түсінігі мол, көз ашық, көкірегі ояу екенін көруге болады. Биыл Қазақ ұлттық өнер университетімен бірігіп, режиссер мамандығын меңгеріп жатқан студенттерді ЖИТС-тің алдын алу бойынша бейнероликтер әзірлеп жатыр. Үздік жасалған 3 туындының авторын марапаттаймыз. Олар әлеуметтік желіде де насихатталады, - деді Әбдірайымов.

Маманның айтуынша, биылғы 10 айда 204 жаңа жағдай тіркелді. Ол былтырғы 10 аймен салыстырғанда 28 жағдайға көп.

Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен тұрғылықты халықтың 10 пайызына тексеріс жүргізіп, скрининг жасалады. Өнер, білім, құрылыс саласының басым бөлігі елордада шоғырланғандықтан біз халықтың 25-30 пайызын тексеріп отырамыз. Бұл өзге аймақтармен салыстырғанда 2-3 есеге жоғары. Оған ішкі-сыртқы көші-қонның әсері де жоғары. Анықталған жаңа жағдайдың 25 пайызы елордалықтар емес, басқа аймақтардан келгендер болса, 9 пайызы шетелдік азаматтар, - деді ол.

Орталық директоры ЖИТС-пен ауыратын балалар да бар екенін айтты.

81 жасқа келді. Нұр-Сұлтанда ЖИТС жұқтырғандар қалай емделеді

Олар - анасынан немесе басқа біреуден жұқтырғандар. ЖИТС-ті жұқтырған балаларға әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі мәселесін көтердік. Егде жастағы адамдарға тоқсан сайын 5 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, 1 желтоқсан күніне орай біржолғы 2,5 есе айлық көрсеткішке тең қаражат алады. Осы мәселені әкімшіліктен сұрадық. Олар кәмелетке толмаған баланың әрбіреуіне 69500 теңге көлемінде төлемақы төлейтін болды, - деді ол.

Әбдірайымов атап өткендей, қазіргі таңда 20-дан астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеті әзірленіп жатыр.

Оны да таратуды көздеп отырмыз. 4 мемлекеттік ұйым біздің жұмысымызға атсалысады. Олар сала бойынша жіктеледі. 3 мемлекеттік ұйым коммерциялық жыныстық қатынастағы адамдармен, нашақорлармен, еркектердің жыныстық қатынасына қатысты жұмыс істейтін болса, 4-ші ұйым індетке шалдыққандардан құралған. Олар дәрі-дәрмегін уақытылы ішіп, барлық ұсынымды жүзеге асырып, қазір ел қатарлы жүр, - деді ол.

Маман атағандай, орталық 2018 жылы ЖИТС-ке қарсы жаһандық қордың байқауына қатысып, 3 жылға грант ұтып алған.

Биыл гранттың аяқталатын мерзімі. 3 жылға 600 мың доллардан астам қаражат бөлінді. Осы 3 жылда көп жұмыс атқарылды. Жаһандық қор мамандары кеңсемізге келіп жұмысты оң бағалап, 2021 жылға дейін гранттың мерзімін ұзартты. Бұл біздің науқастардың жағдайы одан әрі жақсара түседі деп айтуға болады, - деді ол.

Әбдірайымовтың айтуынша, елордада бұл індет алғаш рет 1997 жылы тіркелді.

Ең алғаш науқас Теміртауда тіркелді. Бірақ Нұр-Сұлтанға індет 97 жылы келді. Содан бері індетті жұқтырған 184 тууға қабілетті әйел бар. Қазір 184 анадан дені сау сәби дүниеге келді. Яғни, бұл науқастар емді күнде қабылдап, дәрі-дәрмекті күнделікті ішудің нәтижесінде сау сәби дүниеге келді. Олардың ішінде бірнеше баланың анасы атанғандар да бар, - деді ол.

Маманның айтуынша, осы 10 айда жасөсіпірімдер арасында ЖИТС тіркелмеген.

Былтыр екі жеткіншекте тіркелген болатын. Бірақ ол екеуі де сырттан келген азаматтар болды. Қазіргі таңда 20 кәмелетке толмаған бала есепте тұр. Оның 9-ы өзге аймақтардан келген. Елордада 1287 науқас тіркеуде тұр. Ауруды бастапқы кезеңде анықтау өте тиімді. Қазір біздің үлкен науқастың жасы 80-де. Бұл - күнделікті ем қабылдаудың нәтижесі, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы