Жергілікті маңызы бар жолдардың 25%-ы іске жарамсыз

15 Сәуір 2021, 21:06
1617
Бөлісу:
Жергілікті маңызы бар жолдардың 25%-ы іске жарамсыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде министр Бейбіт Атамқұловтың төрағалық етуімен автомобиль жолдары мен елдімекендердегі көшелердің сапасына арналған селекторлық жиын өтті. 

Оған ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол желісінің сапасына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды деп баға беріп, қалыптасқан жағдайды реттеу үшін жүйелі шараларды қабылдауды жүктеген болатын.

Жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 71 мың шақырым, соның 25%-ы бүгінде қанағаттанарлықсыз жағдайда. 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар жолдың 27 мың шақырымына жөндеу жүргізу көзделген. Бұл жолдардың 95%-ын нормативті жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді.

Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың жергілікті желідегі жолдардың сапасына қатысты жарияланымдары мен пікірлері жиілеп кетті. Аталған мәселе министрліктің жіті бақылауында. Осылайша, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жүргізген тексерістердің нәтижесі бойынша 2020 жылы республикалық желіде анықталған ескертулердің 2%-ы түзетілмеген. Жергілікті желі мен елдімекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 25%-ды құрады.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР ИИДМ басшысы осы мәселелерді кешенді шешу үшін жолдар мен көшелерді орташа және ағымдағы жөндеу бойынша аумақтық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының қызметін кеңейту қажеттігін, сонымен қатар барлық деңгейдегі автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға қаржыландырудың нормативтік деңгейін қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Бұдан бөлек, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елдімекендердегі көшелерді орташа жөндеуге жобалық-техникалық құжаттаманы дайындау мен бекітуге қойылатын талаптарды күшейту және аймақтық орта және ағымдағы жөндеулер кезінде техникалық қадағалауды реттеу үшін міндетті ведомстволық сараптамадан өту қажеттілігі атап өтілді.

Сапаны жақсарту мәселесінің тағы бір шешімі облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, сондай-ақ елдімекендер көшелерін орташа және ағымдық жөндеу кезінде техникалық қадағалауды қамтамасыз ету болады. Бұл ретте, Автомобиль жолдары комитетіне, «ҚазАвтоЖол» ҰК »АҚ және жергілікті атқарушы органдарға жол желісінің сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалардың орындалуын ерекше бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар, Министрлік өңірлердің рейтингісін жасайтын болады. Бұл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу сапасына оң әсер ететін болады.

Өзгелердің жаңалығы