Маңғыстау спортшылары 25 алтын жеңіп алды

15 Сәуір 2021, 20:52
2766
Бөлісу:
Маңғыстау спортшылары 25 алтын жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев мәлім етті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында каратэ-до киокушинкайдан ҚР Чемпионаты өтті. Оған облысымыздан 300-ге жуық спортшы қатысқан болатын. Өңір намысын қорғағандар 25 алтын, 14 күміс пен 27 қола иеленіп аймақ абыройын асқақтатты. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 334 спорттық-бұқаралық іс-шараның 156-ы 5 ауданда өткізілді. Бұдан бөлек биылғы Токио Олимпиадасына облыстан 5 үміткеріміз бар. Олар Бекзат Нұрдәулетов, Қайрат Сарымсақов, Ермек Айназаров, Еркінбек Байтөреев және Элина Байделдинова. Қатысушыларымыз жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз, - деді Қанат Жұмабаев.

Сонымен қатар Мәдениет  және спорт министрлігінің күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2021 жылдың қыркүйек-қазан айында өңірде «Ақбидай» республикалық VII ауыл спорт ойындарын өткізу жоспарланып жатыр. «Ақбидай» республикалық ауыл спорты ойындарының туы 2017 жылы Ақтөбе облысынан Маңғыстау облысына табысталған.

Ауыл спортын ұлықтайтын басты дода төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. ҚР әр аймағынан келген қатысушылар ойын бағдарламасына сәйкес қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, ат спорты, қол күресі, үстел теннисі сынды бірнеше спорт түрінен бәсекеге түседі. Жоспар бойынша 14 облыстан 3000 адамнан тұратын спорт делегациясы жарысқа қатысады деп күтілуде, - деді Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев. 

Маңғыстау облысын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес өңірдің спорт саласын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 48,2 % құрап, жоспарланған көрсеткішке қол жеткізген.

Өзгелердің жаңалығы