Қазақстанда жедел жәрдем көліктері жеткіліксіз

3 Шілде 2020, 12:29
3827
Бөлісу:
Қазақстанда жедел жәрдем көліктері жеткіліксіз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық  коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

Ауырған жағдайдағы іс-қимыл алгоритмі бойынша халықты тікелей және сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін министрлік дені сау адамдарға, жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) белгілері бар адамдарға және COVID-19-бен үйде емделіп жатқан адамдарға арналған жадынамалар әзірледі. Бұл жадынамалар учаскелік дәрігерлер, Call-орталықтар және әрбір пациенттің телефоны арқылы берілетін болады. Барлық сұрақтар бойынша пациенттер Call-орталықтарға жүгіне алады. Әрбір облыста бірыңғай Call-орталықтар ұйымдастырылған, емханалар жанында тағы байланыс орталықтары да жұмыс істейді. Көптеген пациент өздерінің дәрігерлері мен медибикелерімен тікелей байланыста бола алады. Бұдан басқа әрбір емханада пациенттерге медициналық көмек көрсететін фильтрлер ұйымдастырылды, - деді ол. 

Вице-министр елімізде жедел жәрдем қызметін шақырту екі есе, кейбір өңірде төрт есеге артып отырғанын жеткізді. 

Бұрын жедел жәрдем қызметі күніне 15 мың адамға қызмет көрсететін еді. Соңғы екі аптада шақыртулардың саны екі есе өсіп, 30 мыңнан асты. Соның ішінде коронавирус бойынша күдікпен шақырушылардың саны 14%-ға өсті. Осы 14%-дың 33,7%-ы стационарларға жеткізіледі. Қалған аурулар өздерінің жағдайларына байланысты амбулаториялық ем алу үшін емханаларға тапсырылады, - деді ол.

Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда жедел жәрдем көліктері жеткіліксіз. Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында жедел жәрдем көліктері стандарт бойынша аз.

Барлығы 1967 көлік бар. Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында жедел жәрдем көліктері стандарт бойынша аз. Осы проблеманы шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық қызметкерлерді тасымалдау, дәрі-дәрмекті жеткізу, пациенттердің басқа да қажеттілігі үшін медициналық емес мемлекеттік ұйымдардың автокөліктерін, автопарктердің резервтерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар министрлік өңірлер үшін республикалық бюджеттен отандық өндірістің 807 автокөлігін сатып алуды ұйымдастырды. Машиналардың бірінші партиясы жуық арада - шілде айында Нұр-Сұлтан қаласына 14 машина, Солтүстік Қазақстан облысына 18 көлік, ал қыркүйектің соңына дейін барлық облысқа таратылады, - деді вице-министр.

Брифинг барысында вице-министр жедел жәрдем қызметін шақырарда медицина қызметкерлеріне ренжімей, әркімнен өз кезегін сабырмен күтуді сұрады.

Шақыртулардың 84%-ы бірқатар басқа себепке қатысты азаматтардың өтініштерін құрайды. Бұл – түрлі жарақаттар, инфаркт, инсульт, қан кету, босану және басқа себептер. Олар инфекциядан таза стационарларға емдеуге жатқызылуда. Жедел жәрдем қызметінің медицина қызметкерлері шақыртулар кезінде жағымсыз эмоциялық жағдайлармен көп кездеседі. Олар өте жоғары физикалық, психикалық жағдайда жұмыс істеуде. Шақыртуларға қызмет көрсетудің деңгейі бірінші кезекте пациенттердің жағдайының ауырлығына байланысты анықталады. Сондықтан, медицина қызметкерлеріне ренжімей, өз кезектеріңізді сабырмен күткендеріңіз дұрыс, - деді Ажар Ғиният.

Өзгелердің жаңалығы