Жай әңгіме: Берік Имашев Цойдың болжамын жоққа шығарды

22 Қазан 2020, 16:45
4699
Бөлісу:
Жай әңгіме: Берік Имашев Цойдың болжамын жоққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда Мәжіліс депутаттарын сайлау онлайн өтпейді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының брифингі кезінде ОСК төрағасы Берік Имашев мәлімдеді. 

Сайлау процесі «Сайлау туралы» заңмен реттеледі және заңнамамызда онлайн дауыс беру мәселесі қарастырылмаған. Бұл сайлауды да әдеттегі жүйемен, қағаз бюллетеньмен өткіземіз. Яғни сайлаушыларымыз үшін бұл тұрғыда ешқандай жаңашылдық жоқ. Ондай әңгіме - бос сөз, - дейді Берік Имашев.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетіне байланысты сайлау онлайн өтуі мүмкін екенін айтқан болатын.

Біз үшін барлық санитарлық норма орындалғаны маңызды. Дауыс берудің барлық мүмкіндігін қарастырамыз. Оның ішінде онлайн да, дәстүрлі әдіс те бар. Талап бәріне ортақ. Адамдар көп жиналса, арақашықтық сақтап, маска тағып, қолғап киіп, дезинфекция құралдарын қолдану керек. Денсаулық сақтау министрлігі қауіпсіздікке жауап береді, - деген болатын Алексей Цой. 

Айта кетейік, 21 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Өзгелердің жаңалығы