Жастардың көпшілігі әкімдікте жұмыс істегісі келеді

24 Маусым 2020, 10:32
1832
Бөлісу:
Жастардың көпшілігі әкімдікте жұмыс істегісі келеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Оқуды енді аяқтаған жастардың көпшілігі тәжірибеден өту үшін мемлекеттік қызметті таңдайды, оның ішінде әкімдікте істегенді ұнатады. Бұл туралы Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова онлайн брифинг барысында айтты.

Орталық директоры карантин кезінде көптеген адам жұмыссыз қалғанын атап өтті. Соған байланысты қаладағы жұмыспен қамту орталығына жүгінетіндер қатары көбейген.
Халықтың көптеп келуіне байланысты қаланың 6 ауданында жұмыспен қамту орталықтары ашылды. Онда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған. "Жастар тәжірибесі" бойынша келетін жастарға өздерінің мамандығы бойынша жұмыс тауып беруге тырысамыз. Алайда қазір жастардың көпшілігі мемлекеттік қызметте тәжірибеден өткісі келеді, оның ішінде әкімдікті таңдайды, - дейді ол. 
Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы қалада "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кешенді жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. 
Оның ішінде уақытша жұмыспен қамту, тұрақты жұмыспен қамту, қысқамерзімді курстарға жолдау, грант және микрокредит беру бар. Бүгінгі таңда қоғамдық жұмыс орындары тарапынан ұсыныс көп. Басқарманың бұйрығымен онда жұмыс істейтіндердің жалақысын көтердік. Бұрын оның айлығы 63 мың теңге болса, қазір 85 мың теңге, қолға орташа есеппен 70 мың теңге тиеді, - дейді ол. 
Одан бөлек енді оқу бітіріп, қолына диплом алған жас мамандар үшін "жастар тәжірибесі" жобасы бар екен. Жастар 6 ай жұмыс тәжірибесінен өтеді, егер өздерін жақсы көрсете білсе, жұмыс беруші тұрақты жұмысқа қабылдайды екен. 
Сонымен қатар, "Бизнес Бастау" курсын оқып, 555 мың теңгеге дейінгі грантты биыл 706 адам алған, олар қазір өз істерін бастап, жұмыстарын жүргізуде. Осындай грант алам деушілер болса, қаланың жұмыспен қамту орталығына жүгінсе болады, - деді Данияр Әлкебайұлы.

Өзгелердің жаңалығы