Жастар күнделікті өмірде елге пайдалы істер жасап жүр – Абаев

15 Қараша 2019, 12:35
7854
Бөлісу:
Жастар күнделікті өмірде елге пайдалы істер жасап жүр – Абаев
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ. Біз жас волонтерлермен жұмыс істейміз және олардың көзінен әрдайым еліне деген сүйіспеншілікті байқаймын. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыда өтіп жатқан Жастар форумында айтты.

Жастар жылы аясында өтіп жатқан шара барысында министр еліміздегі жастардың пайдалы істермен айналысып жүргенін атап өтті.
Волонтерлер оқудан тыс кезінде қарт адамдарға жәрдемдесіп, оларға қолғабыс болып жүр. Олардың көпшілігі күнделікті өмірде елге пайдалы істер істеп жүр, алайда ол жайында көп айтыла бермейді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауылында тұратын оқушы Мирас Жүнісов өртеніп жатқан үйден екі адамды құтқарып қалды, оның бірі кішкентай бала. Қазір аулада ойнап жүрген балалардың көбі Мирасқа еліктеуде. Сондықтан жақсылық жасау тез жұғады және ол саған өзгеден қайтады. Елімізді көркейтіп, оны жақсы ете білу өз қолымызда, - деді Дәурен Абаев.
ар2.jpg

Сөз арасында ол қазақтың жастарға байланысты мақал-мәтелдері тек қана жағымды мағынада айтылғанын және үлкендер жағы көнеден жастарға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты.
Біз "ақыл жаста, асыл таста" деп жастарымыздың ақылына құлақ асқан елміз. "Жас келсе іске" деп жастарға үміт артамыз. Осыдан-ақ халқымыздың жастарға деген ерекше ынтасын аңғаруға болады. Егемендік алып, еңсе тіктеген еліміз жастарға ерекше көңіл бөлуде. Елбасының бастамасымен биылғы жылды Жастар жылы деп жариялануы осыған дәлел. Бұл жастардың кең көлемде мемлекеттік қолдауына жол ашты. Өздеріңіз білетіндей елімізде жастарымызға арналған "Жас маман", "Серпін", "Жас кәсіпкер" бағдарламалары табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі бас қосып отырған жиын да Жастар жылының аясында өткізіліп отыр, - деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, ол тарихта қаншама таңқалдырған жастармыздың ерліктеріне тоқталып өтті.
Қазыбек би Қалден Сереннің алдына барған кезде 18 жаста ғана болған. Ғани Мұратбаев 20 жасында шығыс жастарының жетекшісі болды. Ал, "Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам" деп ұрандатқанда Сұлтанмахмұт Торайғыров 12-ге толмаған шағы екен, - деді ол.
Министр сонымен бірге жаңа дәуір, еркін жастардың дәуірі басталғанын, бұл ұшқыр ойдың, ширақ қимылдың, қатал бәсекенің және жедел өзгерістердің заманы екенін айтып өтті.

ар1.jpg
Қазір қазақ жерінде әлемдік деңгейдегі дизайнер, режиссер, ғалым,спортшы да шығып жатыр. Олар биоорганикалық протез ойлап тауып, робот техникасын зерттеп жатыр. Компьютерлік бағдарламалар жасауда. Өнер туындылары мен теңдесіз идеялар құруда. Осы үрдісті үзбей жалғастыра беру қажет. Мемлекет сіздерге бар мүмкіндікті жасап отыр. Сіздерден қажырлы қайрат, жастық жалын, жаңа идеялар, тың жобалар күтеміз, - деді Абаев.
Сөз арасында министр бүгінгі шараның өзі білім алған оқу орынның қабырғасында өтіп жатқанына қуанышты екенін атап өтті.
ҚазҰУ білім беру орны ғана емес, оның ауқымы өте кең. Мұнда белсенді жастар жиналған, сондықан аурасы ерекше. Мұнда өзіңді мықты маман ретінде қалыптастыруға бар жағдай жасалған, - деді ол.




Өзгелердің жаңалығы