Жастар арасындағы қылмыс жылына 6% төмендеуде

6 Желтоқсан 2019, 11:54
11343
Бөлісу:
Жастар арасындағы қылмыс жылына 6% төмендеуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2013-2018 жылдар аралығында қылмыс көлемі 3 есеге азайған. Бұл туралы ҚР ІІМ ӘПК ювеналды полиция басқармасының бастығы Әсет Оспанов Орталық коммуникация алаңында өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

Оның айтуынша, ҚР ІІМ-і кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударып отыр.
Еліміздегі БАҚ-та кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс өршіп тұр деген мәліметтер тарауда, алайда жағдай тұрақты, оны статисика растайды. Соңғы жылдары жастар арасындағы қылмыс орта есеппен 6% төмендеп жатыр. 2013-2018 жылдар аралығында қылмыс көлемі 3 есеге азайған. Бұл жағдай жіті бақылауда, осы жылы тағы 9% төмендейді деп күтілуде. Осы жылы адам өлтіру жағдайы 58%, адам денсаулығына ауыр жарақат салу 14%, қарақшылық шабуыл 18%, тонау 21%, ұрлық 9%, тәртіп бұзушылық 11% төмендеген, - дейді Әсет Оспанов.
Сөз арасында ол, жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстар қоғамды алаңдататынын айта келе, бұрын көптеген қылмыстар көлеңкеде қалып, көп айтыла бермесе, қазір олар бәріне жарияланып жатқанын жеткізді.
Қазір ештеңені жасырып қалу мүмкін емес. Өйткені технология, телекоммуникация дамып жатыр. Халықтың бәрі әлеуметтік желіні белсене қолдануда. Сондықтан осындай қылмыстарды ортаға салып, әрдайым талқылап отырады. Сонымен қатар қоғам одан шығу жолын да өздері ұсынып отырады, - деді ол.
Сонымен қатар, ол жастар арасындағы қылмыс көбінде қымбат дүниеге бола болып жататынын айтты.
Әр отбасының жағдайы бірдей емес, бір балада қымбат телефон болса, екіншісінде болмауы мүмкін. Айналып келіп олар біреудің затына қол салады. Сондықтан балаға отбасында берілетін тәрбиенің деңгейін көтеру керек. Қылмыс кез-келген қоғамда болған және бола береді. Біз соның салдарымен күресуіміз керек. Балаға тәрбие бергенде ауызбен айтып қана қоймай, өзіміздің іс-әрекетімізбен көрсетуіміз керек. Бала айтқанды емес, көргенін істейді,- дейді ол.
Қазіргі қылмыстардың барлығы оқушылар мен колледж студенттерінің қатысуымен болып жатқанын айтқан басқарма басшысы, мектеп инспекторларының әлі де жетіспей жатқанын жеткізді.
Мектептерде қазіргі уақытта 2 мыңдай инспектор жұмыс істейді, тағы мыңға жуық адамның жетіспеушілігі туындап отыр. Оларды қаланың және ірі ауылды мекендегі мектептерге жібереміз. Еліміз бойынша 7 мыңнан аса мектеп бар. Қазір мектеп инспекторлары балалармен ғана емес, олардың ата-анасымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәмелеттік жасқа толмағандарды әкімшілік жауапкершілікке тартумен тәрбиелей алмаймыз, оларға түсіндіру жұмысын жүргізу керек, - деді ол.
Жыл сайын 100 мыңдай жасөспірім тәртіп бұзғаны үшін құқық қорғау органына жеткізіледі екен. Олардың тең жартысы түнгі уақытта ойын-сауық орталықтары мен өзгеде жерлерде кезіп жүргені үшін ұсталады екен.



Өзгелердің жаңалығы