Жануарларды қатыгездікпен өлтіргендерге 600 мың теңгедей айыппұл салынады

27 Қазан 2021, 12:32
4641
Бөлісу:
Жануарларды қатыгездікпен өлтіргендерге 600 мың теңгедей айыппұл салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Мәжілісте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасының негізгі ережелерін іске асыру үшін қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Қылмыстық кодекстің 316-бабы үш бөлікке бөлінген. Бірінші бөлімде жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездігі үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Екінші бөлімде жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездігі үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген, - деді министр.

Оның айтуынша, үшінші бөлімде осы баптың бірінші немесе екінші бөлімдерінде көзделген, екі және одан да көп жануарларға қатысты, адамдар тобы, алдын ала сөз байласып жасаған адамдар тобы әрекеттері үшін бірнеше рет, жас баланың қатысуымен, жария түрде немесе осы әрекетті БАҚ-та жария түрде көрсете отырып немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған әрекеттері үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейін айыру.

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың мәслихаттарының үй жануарларын есепке алу, жансыздандыру тәртібін бекіту жөніндегі құзыреті кеңейтілді. «Ветеринария туралы» Заңда жергілікті атқарушы органдардың жануарларды жансыздандыру тәртібін айқындау, аулауға және жансыздандыруға жататын жануарлардың тізбесін бекіту жөніндегі құзыреті кеңейтілді, - деп түсіндірді Экология министрі.

Ол баяндағандай, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңда біркелкі ұғымдар белгіленген және бақылау-қадағалау функциялары мәселелері жөніндегі заңнама жетілдірілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.


Өзгелердің жаңалығы