Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барғаннан кейін әуежай залында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен аз-кем әңгімелесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Түркия басшысына шақыртуы үшін алғыс білдіріп, бүгінгі күннің өзі үшін ерекше екенін атап өтті.
Ауа райы жақсы болып тұр екен бұл жақта. Бүгін мен үшін ерекше күн болды. Күннің бірінші жартысында Қазақстан халқына 2026 жылғы Жолдауымды жарияладым. Енді қазір сіздің шақыртуыңызбен ресми сапармен келіп отырмын. Көп рақмет! Ризамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Түркия Республикасына Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен ресми сапармен барды. Анкарадағы Этимесгут әуежайында Мемлекет басшысын Түркия Президентінің өзі қарсы алып, Қазақстан Президентінің келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді.
Сапар аясында екі ел басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысады.
Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси диалогты дамыту және екіжақты ынтымақтастықты тереңдету сапардың негізгі бағыттарының бірі болмақ.