Жаңаөзенде қант зауыты ашылады

29 Мамыр 2019, 15:15
2196
Бөлісу:
Жаңаөзенде қант зауыты ашылады

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аталған нысан қаланы дамытудың кешенді жоспарында қарастырылған инвестициялық жобалардың бірі саналады. 

Мұнайшылар шаһарында бұрын-соңды қолданыста болмаған жоба - құмшекер өндіретін зауыт салуға жеке инвесторлар 86 млн 600 мың теңге бөледі. Бұл бизнес-бастама уақытында жүзеге асқан жағдайда жаңадан 48 жұмыс орны құрылады деп айтылды. Зауыт осы жылдың соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс. 

«Кешенді жоспарға сәйкес 2019-25 жылдар аралығында қаламызда 5 мың 606 жаңа жұмыс орыны құрылады. Осылайша жұмыссыздық мәселесі біршама шешілетін болады. Аталған жұмыс орындары қант зауыты, сондай-ақ орталық мұнай тапсыру пунктін және электр энергиясын өндіретін кәсіпорын салу, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу комбинатын кеңейту мен Коворкинг орталық құру арқылы ашылатын болады деп отырмыз», - дейді қала әкімі Әділбек Дауылбаев журналистерге берген сұхбатында. 

Жаңаөзенде орталық мұнай тапсыру пунктін салуға жеке серіктестік қызметкерлері жұмылған. Қазіргі таңда салу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып келеді. Келер жылы ашылатын пункт қызметіне бас-аяғы 45 тұрғын тарту көзделген. 

Сондай-ақ, қазақ газ өңдеу зауыты жұмысын жаңғырту бойынша мұнай компаниясы есебінен 107 млрд 200 млн теңгенің бөлінуі күн тәртібіне қойылған. Оның ішінде биыл 2,7 млрд теңге игерілуі керек. Жоба толық аяқталған соң қала халқы табиғи газдан мұқтаждық көрмеуге тиіс. 

130 млн теңге қаржы құятын инвесторлармен келіссөздер аяқталып келеді. Бұл өз кезегінде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу комбинаты өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар да жыл соңында дейін аяқталмақшы. 

«Жалпы қала халқының әл-ауқатын жақсарту үшін мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарында жаңадан 693 жұмыс орны құруды ойлап отырмыз. Сондай-ақ шаһар аумағында 350 жұмыс орындары ашылып, оған жұмыссыздық есебінде тұрған азаматтарға тартылады. Және де бизнес негіздері бойынша жыл басынан бері 46 адам оқытылды. Олар сертификаттарын алды. Қаламыздағы өндірістік алаңды шағын және орта бизнес субъектілерімен толтыруды қамтамасыз ету бойынша мүліктік нысанды «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына беру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл бағытта 37 кәсіпкерден ұсыныс қабылданды», - дейді қала әкімі Әділбек Дауылбаев. 

Айта кетейік, Жаңаөзенде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көшелерге 68 бұрылмалы бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары басталған. Осы мақсатқа 271 млн теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін таяуда қосымша су тазарту кешені салынып, қолданысқа берілді.

Өзгелердің жаңалығы