Жаңа әліпби әлемге ашылған есік

30 Тамыз 2019, 11:15
5006
Бөлісу:
Жаңа әліпби әлемге ашылған есік

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде әлемнің 70 пайызы меңгерген латын жазуы елімізге де жақын жылдары толықтай енетіні белгілі. Ұлттық білім мен ғылымның өркениетке деген ұмтылысын қолдауда латын графикасының маңызы зор дейді мамандар. 

Әлемде әдебиеттен бастап техника тіліне дейін барлығы латынға негізделген. Міне ел билігінің жазудың осы бағытын таңдаудағы басты себеп. Бүгінде қоғамға біртіндеп енгізіле бастаған латын графикасын түрлі сала қызметкерлері меңгере бастады.

Осы бағытта жұмыс істеп жатқан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының облыстық филиалы қазіргі уақытта мемлекеттік сала қызметкерлерін латын графикасына машықтауда. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстың жай-жапсарын аталмыш Академия филиалының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Сейлхан айтып берді.

– Айгүл Қуатайқызы елімізде осыған дейін латын қарпін енгізу тәжірибесі болғаны белгілі. Осы жайында не айтасыз?

– Бүгінгі медицина, интернет, халықаралық қатынас тілдерінің басым бөлігі латын графикасының еншісінде екені айтпаса да түсінікті. Латын тілі ұлт тілі ретінде сақталған жоқ, жазба тілі ретінде сақталып, ХХІ ғасырдың жазу графикасынан орнын алып отыр. Халқымыздың тарихына үңілсек, ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесін көтерді. Латын жазуының кең таралуы араб жазуын ығыстыра бастады. Жаңа латын әрпін қолдаушылар мен бұрынғы араб жазуын қолдаушылар арасында келіспеушілік болды, дәл бүгінгі күндей пікір айтушылар да көп болды. 1927 жылы Телжан Шонанов, Ораз Жандосов, Нәзір Төреқұлов, Халел Досмұхамедұлы сынды ұлт зиялылары латын графикасының тиімділігі мен жазуда ыңғайлы екенін дәлелдеді. Мысалы, Халел Досмұхамедұлының «Қазақ тіліне латын әрпін алу мәселесі» деген мақаласында «түркі халықтарына араб харіфтерін тастап, латын харіфін алу керек деген сөз көптен бар. Әзербайжандар латын харіфтерін қабылдады, жаһұттар (еврейлер) да солай қылды. 1922 жылғы съезде өзбектер де өз тілін латын харіфтерімен пішті. Профессор Поливанов үлгі жасады», - деп көрсетті. Халел Досмұхамедұлы мен Нәзір Төреқұлов 28 әріптен тұратын қазақтың латын графикасындағы әліпбиі жобасын жасады. Бұл деректерден-ақ 1920 жылдардың өзінде бірқатар түркі халықтары өз болашақтары үшін латын графикасына назар аударғаны белгілі екенін байқауға болады. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде орыс академигі Василий Бартольд латын әліппесі арқылы түрік дыбыстарын таңбалау ыңғайлы десе, профессор Александр Самойлович Еуропа елдерінде әр халық латын әріптерін түрліше қолданатындығын ескертіп, латын графикасының қолайлығын баса көрсеткен. Осындай тарихи кезеңдерді басынан өткізу барысында қазақ халқы 1929-1940 жылдар аралығында латын жазуы арқылы қарым-қатынас жасап, сол кезеңнің ұрпақтары латын әліпбиімен сауатын ашты.

– Соңғы жылдары қолға алынған осы мәселеге байланысты не айтасыз?

– Бүгінде біз латын әліпбиіне көшуді емес, қайта оралуды жаңғыртып жатырмыз. Қазақ жазу мәдениетінің осы кезеңін тұңғыш Президенттің өзі «Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» - деп көрсетеді. Түркияның 1928 жылдан, Түркіменстан мен Өзбекстанның 1993 жылдан, Әзірбайжанның 1991 жылдан бері латын графикасымен жазып келе жатқандығы баршаға белгілі. Біздің филолог ғалымдар аталған елдердің тәжірибесін жаңа әліпби құрастыруда ескере отырып, тиімді тұстарын басшылыққа алды. Осы ретте латын әліпбиіне негізделген 32 әріптен тұратын қазақ әліпбиі бекітілді. 9 әріптің жаңа нұсқасы жасалды, ерекшелігі - акутқа негізделген әліпби. 6 әріп акут таңбасын қою арқылы белгіленеді, 2 әріп диграф арқылы жазылады.

– Әліпбидің негізгі ерекшелігі неде?

– Әліпбидегі ерекшелік - таза тілдік ережелер жаңадан құрастырылды. Төл сөздеріміздің жазылуы мен дыбысталуындағы жақындық айрықша сезіледі. Шетілдік сөздердің жазылуында көп жаңалықтар бар. Бұл жаңалықтардың барлығын біз біліктілікті арттыру курстары мен оқыту семинарлары аясында талдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, фонематикалық принципке негізделген емле арқылы қазақтың әрбір сөзін санаға қонымды түрде жазатын боламыз.

– Бүгінде латын графикасындағы қазақ әліпбиін көпшілікке танымалдылық ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– «Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығына сәйкес, бүгінде латыннегізді қазақ әліпбиін үйрету бойынша барлық білім беру ұйымдарында оқыту семинарлары мен курстары жүргізіліп жатыр. Латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жоспарына сәйкес, бүгінде «Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында және оның филиалдарында мемлекеттік қызметшілерді латын графикасына үйретуді» жүзеге асырып жатырмыз. Осы ретте мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы 2019 жылдың ақпан айынан бастап біліктілігін артыруға келген мемлекеттік қызметшілерге «Латын графикасы негізіндегі ресми жазылым» тақырыбында оқыту семинары мен шеберлік сабақтары арқылы білім беріп жатыр. Бүгінде 700 ге жуық мемлекеттік қызметші, соның ішінде мамандар, бөлім, басқарма басшылары және олардың орынбасарлары латыннегізді қазақ әліпбиін үйреніп, емле-ережелерін меңгерді.

– Жаңа әліпбиді меңгертуде негізгі көңіл қай жағына бөлінуде?

– Сабақ үдерісі неғұрлым жазылым дағдысын қалыптастыру тәжірибесіне бағытталғандықтан, жаңа әліпбидің қыр-сырын тез түсініп, сауатты жазуға жылдам қалыптасып жатыр. Сонымен қатар адамдардың мобилділігі мен сандық ресурстарды тиімді пайдалануы да өз нәтижесін беруде. Әрбір тыңдаушымыз бұл әліпбидің өзі үшін қажеттігі мен болашағын жете түсінеді. Ал филиалда олардың өз мүмкіндігінше білім алып кетуіне барлық жағдай жасалған.

– Латын графикасына негізделген жаңа әліпби қазақ халқына қандай артықшылықтар береді?

– Жаңа әліпби қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі танымалдығын арттырады, қазақтың сөз құдіретін танытып, мәдени бренд жасауға ықпалын тигізеді. Жазу графикасы ұқсас болғандықтан, жастардың ағылшын және интернет тілін тез үйреніп, халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. ХХ ғасырдың бірінші ширегінде латын графикасымен жазылған тарихи ескі жазбаларды жарыққа шығарамыз. Ғылым, білім жаңа жәдігерлермен толығатын болады. Бұл - түркі дүниесіне ортақ мұралар мен бай руханиятты жаһанға бейімдеп, озық ұлт жасаудың жолы болары анық. Сондай-ақ, латын графикасында жазатын түркі халықтарының бір-біріне деген туыстық, рухани байланысы артады, ғылым көкжиегі кеңиді. Бұдан бөлек, латыннегізді қазақ әліпбиі жазудағы санамыздың тәуелсіздігін көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы