Жамбылдағы жарылыс. Үйдің бәрі қалпына келтірілді
01 Қараша 2021, 16:15 137

Жамбылдағы жарылыс. Үйдің бәрі қалпына келтірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Байзақ ауданында зардап шеккен 35 үй толығымен қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Үшбұлақ ауылындағы 4, Жібек Жолы ауылындағы 12 және Қайнар ауылындағы 19 отбасының барлығы үйлеріне кірді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қайнар ауылындағы қалпына келтірілген үйлерді аралап, тұрғындардың ой-пікірін тыңдады.

Тұрғындар үйлерінің бұрынғыдан да жақсарып қалғанын, газ, ауыз сумен қамтылғанын айтып, қуаныштарымен бөлісті. Қора-жайларының, шарбақ қоршауларының да реттеліп жатқанын айтып, Мемлекет, облыс басшылығына деген алғыстарын жеткізді.

Төтенше жағдайдан үйіміз қатты бүлінген еді. Жарылыстан кейін көп ұзамай-ақ, құрылысшылар келіп, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Үйіміздің негізгі бөлігіне, яғни алдына шағын бөлме қосып, артығымен орындап берді. Қора-жайымызға дейін жөнделді. Үйдің ішіне газ, таза ауыз су кіріп тұр.  Бүгін міне, баспанамызға қайта кіріп алдық. Шынымызды айтсақ, қуанышымызда шек жоқ. Басымызға түскен қиын сәтте қолдау көрсеткен халыққа, Мемлекет, облыс басшылығына айтар алғысымыз шексіз, - дейді Раушан Мамытбекова.

Бірлік көшесінің тұрғындары Олжас Райымбеков, Қосбек Серкебаев та ризашылықтарын жеткізді.

Ауылымызда бұған дейін болмаған біраз дүниелерге қол жетті. Көшелеріміз толық жарықтандырылды. Электр желісі мен бағаналары жаңартылды. Асфальт жабыны бұрын орталық көшеде ғана болса, енді барлық көше асфальтталды. Біз үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалды,-дейді қайнарлық Әбдіғаппар Сүйіндік.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалпына келтіру жұмыстары бірден қолға алынып, бақылауда болды. Нәтижесінде ауыл жаңаша кейіпке еніп отыр. Қазір шағын ауылда тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Биліктің басты міндеті – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмысын жақсарту. Біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ең бастысы қоғамда бірлік, келісім, ауызбіршілік болса, барлық игіліктерге қол жеткіземіз,-деген облыс әкімі құрылыс жүргізген мердігер компанияларды «Алғыс хаттармен» марапаттады.

Қайта жаңғыртудан өткен үйдің барлығы бір сәулеттік үлгіге келтірілген. Қас беті сарғыш, іргетасы қызыл түспен боялып, шатыры қызыл жабынмен жабылған.

Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барынша әлеуметтік қолдауларды ұйымдастырылған. Ол ауылдағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларды газбен қамту жұмыстары қолға алынғандығын, тұрғындар толығымен орталықтандырылған таза ауыз суған қосылғандығын жеткізді. Әлеуметтік көмек ретінде зардап шеккен әр отбасыға 300 мың, кәсіпкерлер тарапынан 200 мың теңгеден көмек көрсетілген.  Сонымен қатар, «Сенім Байзақ» қорына түскен қаржы есебінен тұрғындардың қора-жайлар да қайта қалпына келтірілген.

Аймақ басшысы аудандағы жұмыс сапары барысында Жібек жолы елді мекеніндегі 150 орындық мектеп құрылысымен танысты. Құрылысшылар екі қабаттан тұратын ғимараттың іргетасын құйып, бірінші қабаттың қабырғасын қалау жұмыстарын аяқтауға жақын. Мердігер –«Сырым Белеке» ЖШС.

ЖШС директоры Елмұрат Күнібеков құрылыс жұмыстары барлық бағытта, бір мезгілде жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Оның айтуынша, бір бригада алғашқы қабаттың кірпішін қалап жатса, енді бірі монтаждау, келесі топ, дәнекерлеу жұмыстарымен айналысуда. Құрылыс басында 100-ге жуық құрылысшы жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Нысанды қаңтар айының соңында тапсырмақ ниетте.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп құрылысын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырып, аудан басшылығы мен мердігерлерге нақты міндеттер жүктеді.

Жалпы, төтенше жағдайдан 176 нысан зардап шексе, 168 нысан толығымен қалпына келтірілді. 12 кәсіпкерлік нысанның бүгінде бесеуі жөнделіп, қайта жұмысын бастаған. 7 нысанда құрылыс жұмыстары қызу жалғасуда.


Фото: дереккөз
Загрузка...