Жамбылдағы  ауыл көшесіне 40 жылдан соң асфальт төселді
29 Қазан 2021, 11:30 64604

Жамбылдағы ауыл көшесіне 40 жылдан соң асфальт төселді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл ауданындағы бар болғаны 15 ауласы бар Сеңгірбай ауылы тұрғындары көптен бері Шайдана елді мекенімен байланыстыратын жолдың қиындығын көріп келеді. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, ой-шұқыры көп осы жол арқылы оқушылар Қ.Сартбаев атындағы орта мектепке қатынап оқиды. Жақында 1980 жылдан бері «жыры» бітпеген 3,5 шақырымдық жол тегістеліп, жол жабыны төселді.

Ауыл азаматтарының көптен бергі сұранысын жеткізіп, кездесулерде жол мәселесін көтеріп жүрген ауыл тұрғыны Ерғазы Алжанов өңір басшылығына алғысын білдірді.

Ауылға 40 жылдан кейін асфальт төселіп отыр. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына  кіріскен еді. Міне, шаруа соңына жетіп, қуанышқа кенелтті. Енді жұртшылық көліктерін жаңа маркаға айырбастауды ойлап жүр, – дейді ол.
Жалпы өңірдегі жол жөндеу жұмыстары туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековтың айтуынша, биыл 10 ауылдың 26 ауылішілік көшелері және аудандық мәндегі 5 жолға асфальт төселеді.



Фото: дереккөз
Загрузка...