Бас жаңалықтар
Жамбылдағы 45 науқастың дені – алыс-жақын шетелге шыққандар
08 Сәуiр 2020, 07:44 114

Жамбылдағы 45 науқастың дені – алыс-жақын шетелге шыққандар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбылда соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының таралу жағдайы күрделі. Аймақта тіркелген науқастардың дені алыс-жақын шетелге шығып келгендер екендігі жедел штабтың кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.

Соңғы дерек бойынша облыста ресми түрде 45 науқас тіркелген. Олардың дені өңірге еліміздің басқа аймақтарынан, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келгендер. Науқастармен байланыста болған барлық тұлғалар карантинге алынған.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов сөз алып, олар қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Б. Жарқынбековтің айтуынша, 7 сәуірдегі жағдай бойынша облыс бойынша коронавирустық инфекцияның 45 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 11 адам шекаралық өткізу пункттерін кесіп өту кезінде, 6 жолаушы Дели рейсінен анықталған. Тараз қаласында 5 оқиға, Қордай ауданында – 18, Меркі ауданында – 2, Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандарында – бір-біреуден тіркелген.

Сондай-ақ вирус анықталғандардың ең көп көрсеткіші Қырғыз Республикасынан келушілер арасынан байқалған, олардың саны - 14 адам.

Барлық науқастар облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар корпусына жатқызылған. Жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде, олар клиникалық хаттамаға сәйкес ем алуда. Карантиндік және провизорлық стационарларға бүгінге дейін жалпы саны 1305 адам келіп түскен десек, оның 977-і шығарылған. Ал, 328 адам стационарлық бақылауда.




Фото: дереккөз
Загрузка...