Төтенше жағдай: Жамбылда 2 062 жұмыскер ақысыз еңбек демалысына жіберілді

16 Сәуір 2020, 16:36
2477
Бөлісу:
Төтенше жағдай: Жамбылда 2 062 жұмыскер ақысыз еңбек демалысына жіберілді
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, Тараз қаласы мен Жамбыл облысында халықтың қауіпсіздігін және індеттің таралмауын қамтамасыз ету мақсатында карантиндік режим енгізілгендігі белгілі. Бұл орайда, аймақ әкімінің қаулысымен жедел штаб құрылып, оның жұмысын ұйымдастыру мақсатында әр бағыт бойынша 7 жедел топ жасақталған.

Осы жедел топтардың бірі – "Әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастары" тобының мүшесі, өңірдегі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев төтенше жағдай кезіндегі еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау шаралары туралы айтып берді. Ол әсіресе табысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік көмек ретінде берілетін 42 500 теңге төңірегінде кеңірек түсіндірді.

Жедел топ мүшелері облыс аумағындағы төтенше жағдай кезінде жұмыс берушілермен қабылданып жатқан және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша тиісті жұмыстарды атқарып, талдау жасады. Мәселен, Жамбыл өңірінде соңғы ахуалға орай 2 062 жұмыскер ақысыз еңбек демалысына жіберілді. Демек, олардың міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңге алуына мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, 1 413 жұмыскер ақылы еңбек демалысына босатылса, 2 119 азамат қашықтықтан жұмыс істеу режиміне өтті. Еңбек Кодексінің 138-бабына сәйкес, олардың еңбекақысы толық көлемде сақталатын болады, - деді Қайрат Әскербекұлы.

Ол облыстағы 370 қызметкердің толық емес жұмыс режиміне көшкенін де айтып, Еңбек Кодексінің 70-бабына сай, олар жұмыс атақарған уақытына еңбекақы алатындығын мәлімдеді. 418 жұмыскер бос тұрып қалу уақытына байланысты демалысқа жіберілген. Оларға Еңбек Кодексінің 112-бабына сәйкес жалақыларының ең төменгі мөлшерінен кем емес көлемде төлем жүргізіледі екен.

Бүгінде Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмекке 10 688 отбасы өтініш білдіріп, 9 127 үйге, яғни 49 861 адамға 1 081,6 млн теңге тағайындалды. Бұл қаражат та толық төленді. Сонымен қатар, 7 437 отбасымен (42 869 адам) әлеуметтік келісімшарт жасалып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 465 адам тартылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 649 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа 600 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 187 маман жіберілді. 19 адам қысқа мерзімді оқуға жолдама алса, 3 азамат жастар практикасынан өтетін болды, ал 7 адам грант иеленді, - деді инспекция басшысы.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 18 343 бала қамтылмақ. Оған жалпы сомасы 1 164,5 млн теңге қарастырылып отырған көрінеді. Бүгінде өтініш білдіріп үлгерген 9 173 азаматқа кепілдендірілген әлеуметтік топтама толық жеткізілген.

Өзгелердің жаңалығы