Жамбыл жұртшылығы достық мерекесін айрықша атап өтті

1 Мамыр 2019, 22:50
2402
Бөлісу:
Жамбыл жұртшылығы достық мерекесін айрықша атап өтті
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.kz тілшісі. Жамбыл облысының аумағында 80-нен астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Өңір тұрғындары Қазақстан халқының бірлігі күнін жыл сайын айрықша салтанатпен тойлайды. 

Әсіресе әртүрлі ұлттар бір-бірінің салт-дәстүріне аса құрметпен қарап, қошемет көрсетеді. Бүгін де жергілікті халық достық мерекесіне белсенді атсалысуда. Қазақ, орыс, украйн, өзбек, ұйғыр, дүнген, түрік, корей ұлттарының өнерлі өкілдері өздерінің салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерлерін паш етіп, ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынды.

Жамбыл жұртшылығы достық мерекесін айрықша атап өтті

Биыл негізгі шаралар, әдеттегідей «Достық» алаңында емес, Ы.Сүлейменов көшесінің бойы мен Жастар аллеясы кешенді демалыс орнында ұйымдастырылған. Жылдағыдан ерекшеліктер де бар. Ұзын жолды бойлай он сахна орнатылған. Оның сегізінде этно-мәдени бірлестіктер мәдениетінің, салт-дәстүрлерінің, өзге ұлттық құндылықтарының мән-маңызын қонақтарға кеңінен түсіндірді.

Мәселен, қазақтың шілдеханасы, қырғыз ұлтының тұсаукесері, түрік этномәдени бірлестігінің келін түсіруі, неміс қоғамдық бірлестігінің үйлену рәсімдері жиналғандардың ыстық ықыласына ие болды. Жалпы, көпшілік достық биін билеп, тамаша көңіл-күйде жүрді.

Жамбыл жұртшылығы достық мерекесін айрықша атап өтті

Аллея қала тұрғындары мен қонақтарына лық толы болды. Халықтық мейрамға 10 мыңға тарта адам қатысуда.

«Мен бұл мерекенің бұлай өткенін бұрын-соңды көрген емеспін. Өте керемет кештердің куәсі болып жүрміз. Ең бастысы, Әулеатаның топырағынан тамыр тартып, тұрақтап қалған әртүрлі ұлт өкілдері, ұлыстар ынтымақтың, достықтың, татулықтың өзгеше үлгісін көрсетті деп ойлаймын. Біздің бірлігімізге, ынтымағымызға Елбасы, Тұңғыш Президент негізін қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясының зор ықпалы болды деп айта аламын. Сол шаңырақтың астында біз бір атаның баласында күн кешіп жатырмыз. Осы күнді мен қазақ халқына алғыс айтатын күн деп білемін», - деп ағынан жарылды «Полонез» поляк тіл орталығы мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Аракси Плетнева. 

Жамбыл жұртшылығы достық мерекесін айрықша атап өтті

Өзге де этностардың өкілдері осындай пікірде. Мерекелік шарада, сонымен қатар, «Достық дастарханы» тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Бұл да биылғы ерекшеліктердің бірі ретінде есте қалатыны сөзсіз. Мұнда 20 түрлі ұлттық тағамдар қойылған. Әр астың өз артықшылығы, жасалу әдісі бар.

Осы күні ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтті. Жамбыл облыстық спорт басқармасы 7 түрлі ойынға ұйтқы болған. Жасы да, кәрісі де асық атып, қошқар көтеріп, сынға түсті. Қазақ күресі, қол күрес, ордабасы топтық жарысы, тоғызқұмалақ, ләңгі сияқты ойындар да көпшіліктің назарын аударды.

Жамбыл жұртшылығы достық мерекесін айрықша атап өтті

«Білім» мен «Жастар» алаңында жасөспірімдер «Ынтымағы жарасқан туған өлке», «Саялы бәйтерек» сияқты театрландырылған көріністер қойып, өнерлерін ортаға салды.

Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған мұндай мерекелік шаралар өңірдегі барлық аудан орталықтарында да өтті.


Өзгелердің жаңалығы