Жамбыл облысында референдумға қатысты 600-ден аса іс-шара өтеді – штаб төрағасы

6 Мамыр 2022, 19:30
1587
Бөлісу:
Жамбыл облысында референдумға қатысты 600-ден аса іс-шара өтеді – штаб төрағасы

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауқымды саяси реформалар жариялағаны баршаға мәлім.

 Кешегі үндеуінде Президент оның мән-маңызына тағы бір рет түсіндірді.

Бұл туралы Жамбыл облысындағы референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы Амангелді Карентаев айтты. Оның пайымынша, аталған жаңашылдық – Екінші Республиканың саяси іргетасын қалайды. Мемлекет басшысының осы тарихи шешімдері – жаңа әрі әділетті Қазақстан құру жолында жасалған аса ірі қадам. Мұның барлығы саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып, Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндіктер береді.

Бәріміз білетіндей, Президент ұсынған кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияға 33 өзгеріс пен толықтыру енгізілетін болды. Кеше Президент сол өзгерістерді қабылдау үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – «мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принциптің іс жүзінде орындалуының айғағы. Жамбыл облысының белсенділері Конституциялық реформаның маңыздылығын терең түсіне отырып, алдағы референдумды өткізуді толық қолдайтыны жеткізгім келеді, - деді штаб төрағасы.

Ол осы мақсатта референдумды қолдау жөнінде 47 азаматтан тұратын өңірлік қоғамдық штаб құрылғанын еске салды. Штабтың құрамына аймақтағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, БАҚ өкілдері және жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ғалымдар енгізілді. Алдағы уақытта штаб мүшелері Жамбыл облысының елді мекендерінде, ірі кәсіпорындар мен ұжымдарда Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. 

Түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында жер, ауыл шаруашылығы салалары, заңгерлер, экономисттер мен тіл мамандары бар 17 азаматтан тұратын сарапшылар пулы да жасақталды. Сондай-ақ, штаб жанынан БАҚ-пен жұмыс жүргізетін 5 журналисті, мониторинг жасайтын 17 сарапшыны, креативті ойларды ұсынып отыратын 16 адамнан жасақталған топты әзірлеп қойдық. Түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін өңірлік арнайы желілік кесте әзірленді. Желілік кестеге сәйкес 6 мамыр мен 3 маусым аралығында Тараз қаласы мен аудандарда 611 іс-шара өткізу жоспарланып отыр, - деп тарқатты Карентаев.

Іс-шаралардың басым бөлігі – жалпы саны 473 іс-шара Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіруге бағытталады екен. Түсіндіру жұмыстары аясында Тараз қаласының 11 округі мен аудандардың барлық ауылдық округтерінің тұрғындарымен, облыстың ірі кәсіпорындары мен зауыттардың ұжымдарымен, әртүрлі сала мамандарымен кездесулер өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, Тараз қаласында «Аманат», «Ақ жол», «Ауыл», Қазақстан халық партияларының ұйымдастыруымен референдумды қолдауға бағытталған митингтер, жастар форумдары сынды ауқымды жиындар өтеді. 

Сондай-ақ, штаб тарапынан БАҚ пен әлеуметтік желілерде кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстары да жүргізілетін болады. Ол бойынша медиа-жоспар әзірленді. Мемлекет басшысы ұсынған реформа – Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама. Біз ашық, өркендеген, заң үстемдік ететін, теңдік орнаған қоғам құруды көздеп отырмыз. Президент пен халықтың мақсаты ортақ, көздегені бір. Сол себепті референдумға қатысу – барлығымызға ортақ борыш! Ел тағдырын айқындайтын осынау маңызды кезеңде ешкім шет қалмауға және тарихи таңдау жасауға тиіс, - деді спикер.

Өзгелердің жаңалығы