Жамбыл облысында футболдан әуесқойлар лигасы басталды

5 Мамыр 2019, 16:33
2247
Бөлісу:
Жамбыл облысында футболдан әуесқойлар лигасы басталды
Фото: автордан

Жамбыл облысы тілшісі, BAQ.KZ. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов барша спортшыларға сәттілік тіледі. 

«Бұл шара өңір жастарын қолдауға, олардың арасында талантты футболшыларды анықтауға бағытталған. Сонымен қатар обоысымыздағы футбол ойынының дәрежесін көтеруді, бұқаралық спортты ілгерілетуді көздейді. Жамбылдың басқа салалардағы ғана емес, футболдағы деңгейі де алға басуына күш салуымыз керек», - деді әуесқойлар лигасының салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов. 

Қазақстанның құрметті футболшысы, өңірдің тумасы Сейілда Байшақов та қатысушыларға сәттілік тілеп, Әулиата топырағынан айтулы аяқдопшылардың шыққанын әңгімеледі. 

«Осындай додалардан ел намысын қорғайтын өрендердің топ жарып, көзге түсетініне сенімім мол. Байзақ ауданынан түлеген төрт мықты футболшымыздың қатары толығар деген үміт бар көптің көкейінде», - Сейілда Байшақов 

Чемпионатта облыс аумағындағы 10 аудан мен Тараз қаласынан 8 команда, барлығы 300-ден астам спортшы сынға түседі. Футбол додасы екі кезеңде, яғни, топтық жүйе бойынша ұйымдастырылады. Топтық ойындар айналмалы түрде өрбитін болады.
Жарыс мерзімі мамыр-қыркүйек айларын қамтымақ. Бес айға созылатын бәсекенің негізгі мақсаты – Жамбыл облысында футбол ойынын дамыту, әуесқойлар арасындағы өңір үздіктерін анықтау, оларға қолдау білдіру. 

Айта кетейік, чемпионаттың жүлде қоры қомақты. Тартысты ойында жеңімпаз атанып, бірінші орын иеленген команда 3 миллион теңге иеленеді. Екінші орын алған команда 2 миллион теңге еншілейтін болса, үшінші орынды жеңіп алған командаға 1 миллион теңге қаржылай жүлде беріледі.
Ұйымдастырушылар бұл чемпионатты жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлауда.

Өзгелердің жаңалығы