Тараз тілшісі, BAQ.KZ. Тараз қаласында былтырдан бастап тарихи-мәдени нысандарды, саябақтарды, көшелерді абаттандыру, сәулеттік келбеттерін жақсарту бойынша бірқатар жобалар қолға алынды.
Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті әкімдік жанынан құрылған қала құрылысы кеңесінде жан-жақты қаралып, талқылау барысында қоғамдық пікірлер ескерілген.Идеологиялық мазмұны ескірген, кеңестік үлгіде салынған бірқатар нысандар алынып тасталды. Терең ұлттық және тарихи мәні бар жаңа жобалар жасалды. Орналасқан мекен-жайлары мағынасын ашпайтын ескерткіштер де өз орнын тапты. Осы орайда тура бір жыл бұрын адам танымастай түрленіп, пайдалануға берілген Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын айтуға болады.
Демалыс орнын қайта жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі былтырғы 9 мамыр – Жеңіс күнінде салтанатты түрде ашылды.
Қаланың әр тұсында орналасқан Б.Момышұлы ескерткіші, Мәңгілік алау сияқты нысандар саябақ аумағына көшіріліп, «Ерлік» мемориалдық кешені жасалды. Өңірімізден шыққан 39 Кеңес Одағының Батыры және 9 «Даңқ» орденінің толық иегеріне «Алтын жұлдызды» тұғыр орнатылып, Жамбыл облысынан соғысқа аттанған 105 мыңнан аса жауынгердің аты-жөні гранит тасқа қашалып жазылды.
Жобаның екінші кезеңінде «Тыл еңбеккерлеріне тағзым», «Ауған соғысы» ардагерлері мен «Чернобыль» апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтарға монументтер мен әскери техниканың 12 түрінен құралған экспонаттар қойылды. Сонымен қатар саябақта жаттығуғаарналған және балалар ойын алаңқайы бар.
Жалпы аумағы 16 гектарды құрайтын Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағыбиыл тағы жаңармақ. 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде эскиздік жобасын «Archi-Grup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген «Даңқ» мұражайы есігін айқара ашпақ.
Нысанға жер шарының 80 пайызын қамтығанҰлы Отан соғысы мен Ауған соғысы жылдарын бейнелейтін экспонаттар қойылады. Мұражай 1939 жылдың 1 қыркүйегінен басталып 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталған қан майданнан көрініс беретін, мол мағлұматтар алатын ордаға айналары хақ. Сонымен қоса Бауыржантану орталығы да осы мұражайда орналасатын болады.
Асхат РАЙҚҰЛ