Әр саладағы жалақы мөлшері: Қазақстандық зумерлер қайда жұмыс істейді және қанша табады?

Еңбек нарығындағы «цифрлық ұрпақ».

29 Қазан 2026, 20:26
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 29 Қазан 2026, 20:26
29 Қазан 2026, 20:26
311
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жас қазақстандықтар еңбек нарығынан өз орнын тапты, бірақ олардың табысы бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Зумерлер өздерінен үлкен аға әріптестеріне қарағанда орта есеппен аз жалақы алады. Бұл туралы Finprom жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның еңбек нарығына «Z ұрпағы» – 2000-2010 жылдары туғандар белсене араласып жатыр. Елдегі зумерлердің саны 2,7 миллион адамнан асады. Бүгінде олар «еңбек нарығының болашағы» емес, оның толыққанды мүшесіне айналды.

2026 жылдың екінші тоқсанында 16-24 жас аралығындағы 1,1 миллионға жуық қазақстандық жұмыспен қамтылған. Талдаушылар зумерлердің еңбек нарығындағы белсенділігіне қатысты шолуда дәл осы топты негізге алды.

Жастар ең көп шоғырланған сала – сауда. Бұл салада 225,8 мың жас маман еңбек етіп жүр. Бұл – жұмыс істейтін қатарластарының әрбір бесіншісі. Тағы 131,2 мың жас білім беру саласында қызмет етеді. Салыстыру үшін айтсақ: ақпарат және байланыс саласында 34,8 мың жас жұмыс істейді.

Сондай-ақ жастар біліктілікті талап етпейтін жұмыстардан да бастаған. 197 мыңнан астам адам еден жуушы, көше саудагері және қосалқы жұмысшы болып еңбек етті.

Сәуір айында 16-24 жастағы жұмыскерлердің орташа айлық жалақысы 310,3 мың теңгені құрады. Бұл – 25-34 жастағы әріптестерінің табысынан 26,8%-ға аз. Бұл жерде салықтар мен зейнетақы аударымдары ұсталғанға дейінгі есептелген жалақы туралы сөз болып отыр.

Бұл орайда мамандық түрі жалақы көлеміне айтарлықтай әсер еткен. Бағдарламалау және сабақтас қызметтердегі жас мамандарға орта есеппен 675,9 мың теңге есептелген. Мектепке дейінгі білім беруде – 184,9 мың теңге, медицинада – 238,3 мың теңге болды.

Респонденттердің басым бөлігі мансабында жылдам серпіліс болады деп күтпейді: 45,1%-ы жақын арадағы бір жылда кәсіби өмірінде ештеңе өзгермейді деп есептейді.

«Зерттеуге қатысқандардың төрттен бір бөлігі ғана кәсіби өсуді күтеді, ал 29%-ы жалақысы өседі деп үміттенеді», – деп атап өтті сарапшылар.

Айта кетейік, бұған дейін миллениалдардың қолынан келетін, ал зумерлерді тығырыққа тірейтін қарапайым нәрселер туралы жазған болатынбыз. 

Наверх