Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында блок-бекеттер алынды
01 Маусым 2020, 15:59 231

Жамбыл облысында блок-бекеттер алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыстық Полиция департаментінің басшысы блок-бекеттегі қызметкерлер алдында сөз сөйлеп, ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан өз үйінен, отбасынан, дала жағдайында тәулік бойы жан аянбай қызметте тұрған полиция және медицина қызметкерлеріне, әскери қызметшілер мен еріктілерге тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

31 мамыр күні кешке Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов Жуалы ауданындағы блокбекетті жабуға қатысты. 1 маусымнан бастап Жамбыл облысында облыс және аудандық елді мекендер арасындағы блок-бекеттер алынды. Салтанатты түрде Ж.Сүлейменов барлық қызметкерлерге алғыс хаттар табыс етті.

Жуалы аудандық орталық ауруханасының аға медбикесі Алма Жұмамұрат пен волонтер Шолпан Жалғасбай блок-бекет жұмысының аяқталуына байланысты полиция департаментінің басшысына блок-бекетте қызмет еткен қиын уақытта көрсеткен жан-жақты қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді. Олар алдағы жұмыста да өз әріптестеріне денсаулық және табыс тіледі. Туыстары мен жақындары күтіп отырған полиция қызметкерлерінің де блок-бекеттегі жұмыс уақытының соңғы сағаттарындағы қуаныштары көрініп тұрды.

– Біздің қызметімізге түсіністікпен қарай білген адамдарға ризамыз, –деді Жуалы АПБ ЖПҚб аға учаскелік полиция инспекторы Ержан Саурықов.
– Біздің қызметімізге барлық жағдай жасап, еңбегімізді бағалағаны үшін ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевқа алғысымызды айтамыз, – деп атап өтті.

Статистикаға сәйкес, 31 наурыздан 30 мамырға дейінгі аралықта Жамбыл облысының блок-бекеттері арқылы 800 мыңнан астам адам және 700 мың көлік өтті. Карантин кезінде облыстық және аудандық блок-бекеттерде 216 полицей, 115 медициналық қызметкер, 112 әскери қызметші және 37 әкімшілік қызметкерлері қызмет атқарды.


Фото: дереккөз
Загрузка...