Бас жаңалықтар
Жамбыл мешіттерінде кітап оқу күні өтті
15 Қараша 2019, 09:10 816

Жамбыл мешіттерінде кітап оқу күні өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі облыс бойынша Кітап оқу күнін жариялады. Осыған орай Әулиеата өңіріне қарасты қала, аудан, ауыл мешіттерінің бәрінде бір уақытта "Кітап оқу сағаты" шарасы өтті.

Жер бетіне түскен Қасиетті Құранның алғашқы аяты "Оқы!" деп басталады. Демек, кітап оқу – мұсылман үшін маңызды. Біле білген адамға кітап оқудың пайдасы ұшан теңіз. Адамның тұлға болып қалыптасуына кітаптың көмегі зор. Нақтырақ айтқанда, кітап оқыған адамның ойлау қабілеті артып, сөздік қоры ұлғайып, сөйлеу мәдениеті дамып, толықтай кемелденеді. Сондықтан да кітапты тәрбие мен білім беретін үлкен мектеп деуге болады. Сондай-ақ кітап әр адамның бойындағы шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін оятады, - дейді дін мамандары.

"Кітап оқу сағаты" шарасында ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл білімнің артықшылығы жайында насихат айтты. Бұдан кейін көлемді шарада ҚМДБ-ның қолдауымен басылып жатқан кітаптар, газет-журналдар оқылды. Кітап оқу эстафетасында жамағатқа өз жұмысын жаңадан бастап, алғашқы сандары оқырман қолына жеткен "Мұнара" газеті таныстырылды.

Рас, ҚМДБ арқылы қаншама кітаптар сараптамадан өтіп, оң баға алды.  Алайда сол еңбектер қаншалықты оқылып жатыр? Жамағат ол туындылармен таныс па? Міне, осы мақсатта кітаптарды көпшілікке таныстырып әрі жамағаттың оқуға, білім алуға деген ықыласын арттырып, серпін беру мақсатында ұйымдастырылған шара оқырманның жүрегінен жол тапты. Бұл бастама осымен тоқталып қалмай, жалғасын табатын болады, - дейді мешіттегі имамдар.


Фото: дереккөз
Загрузка...