«Жалақымыз 7 мың теңге болды». Байқоңыр ауданының әкімі жастарды жұмыс істеуге шақырды

16 Қаңтар 2019, 15:27
2994
Бөлісу:
«Жалақымыз 7 мың теңге болды». Байқоңыр ауданының әкімі жастарды жұмыс істеуге шақырды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу жолдарын ұсынды.

«Жастардың арасында басты мәселе оқу бітіргеннен кейін жұмысқа тұрып кету болып отыр. Ауданда 15 мың қамтылмаған жас бар. Олар ерініп жұмыс істегісі келмейтіндіктен емес, ыңғайлы жұмыстың жоқтығына байланысты жұмыссыз жүр. Жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыс орнатып сіздерге қажетті жұмысты тауып беруімізге болады. Қаладағы орталықта жалпы орта есеппен жалақысы 70-250 мыңға дейін 8 мың жұмыс орны бар», - деді ол.

Егер талпынып адам істеймін десе, аяқтан тұрып кетсе сол жұмысты істеуге болады.

«Бізде көп жас оқу бітірген соң айлығым жарты млн теңге болуы керек, бірден басшы болуым керек деп ойлайды. Олай болмайды. 2003 жылы өздеріңіз секілді оқуды жаңа бітіріп әкімшілік құрамына келген кезде жалақымыз 7 мың теңге болатын. Сол 7 мың теңгені не асханаға, не қоғамдық көлікке жеткізе алмайтынбыз. Сондықтан да тамағымыздың бәрін үйден алып келіп жұмыста жейтінбіз. Адам өзіне мақсат қойса, талмай тынбай еңбек етсе жетеді. Жұмыстың оңай-қиыны жоқ, барлық жұмыс бірдей. Адамның жігеріне, талпынысына байланысты», - деді аудан әкімі.

Каналимов «Жас отанмен» бірлесе әр мекемеде жұмыспен қамту бойынша жәрмеңкелер өткізуді ұсынды.

«Ол жерде студенттер арасында жастар практикасы бар. Күніне 4 сағат жұмыс істейді, төленеді. Бұл да жалақы табудың бір жолы. Аудан кәсіпкерлерімен кездесеміз. Қазір қаламызға техникалық мамандар жетпей жатыр. 2-3 жылда қалаға газ келеді. Әр аулаға газ кіргізетін мамандар керек. Колледжер тегін алты айлық курстар өткізіп жатыр. Соған да жазылып, сертификат алып ертең басқа жұмысқа тұрып кетсеңіздер болады. Ақпараттың бәрін жинап жастарға таратуымыз керек. Мәселе «ынтасы жоқ» емес, ақпарат жоқ», - деді ол.

Назерке АБИБУЛЛА
Өзгелердің жаңалығы