Жаңа босанған әйел коронавирустан жазылып шықты

15 Мамыр 2020, 19:50
1675
Бөлісу:
Жаңа босанған әйел коронавирустан жазылып шықты

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматыда коронавирус инфекция расталған 30 жастағы әйел сауығып, емдеуден шығарылды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

17 сәуірде №1 Қалалық клиникалық ауруханада вирус жұқтырған 1990 жылы туған әйел салмағы 2,5 келі дені сау қызды дүниеге әкелді. 

Жаңа туған сәбиді тексеріп-қарау кезінде Covid-19 диагнозы расталмады. Осы уақыт ішінде нәресте балалар бөлімшесінде дәрігерлердің қарауында болған.
Бүгін мен өз қызымды алғаш рет қолыма алып отырмын. Менің босанғаныма бір ай болды. Өкінішке қарай, бұл пандемия маған да келіп жетті. Мен 12 сәуірде жұқпалы аурулар ауруханасынан осында келіп түскенде, өзімді жайсыз сезінген болатынмын. Менде жөтел, дене қызуы, ентігу болды. Маған моральдық және физикалық тұрғыдан көмектескені үшін дәрігерлерге үлкен рахмет. Олар мені емдеп қана қоймай, мейіріммен қарап, маған рухани қолдау көрсетті. Тек дәрігерлерге ғана емес, сондай-ақ мейірбекелерге, санитарларға да алғыс айтқым келеді. Олардың еңбегі зор. Костюмдерде жүру олар үшін оңай емес, сонда да олар өз міндеттерін орындауда. Олар біздің денсаулығымызды жақсартуға барын салып отыр, - деп өз ойымен бөлісті Жібек Дюсупова.

Қазіргі уақытта ана мен бала денсаулығының жай-күйі қанағаттанарлық деп бағалануда, енді олар үй карантинінде болады.

Перзентхана директоры Сәбит Пазыловтың айтуы бойынша, қазіргі уақытта перзентханада Covid-19 вирусы бар босанған 5 әйел жатыр. Барлық жаңа туған нәрестелерде талдау теріс нәтижені көрсеткен. Жақын арада олар да емдеуден шығарылады.
Қазір біздің ауруханамыз 442 төсек-орынға арналып ашылған провизорлық орталық болып есептеледі. Оны ішінде 50 төсек-орын біздің перзентханамызда, онда Covid-19 диагнозына күдікті не расталған жүкті және босанған әйелдер жатыр. Біздің перзентханамыз провизорлық стационар ретінде өз жұмысын 12 сәуірде бастады. Осы уақыттан бері біздің перзентханамызда карантиндегі жүзден астам жүкті әйел емделді, 20 босану қабылданды, оның 5-уі расталған диагнозымен дені сау сәбиді дүниеге әкелді, - деді Сәбит Пазылов.

Өзгелердің жаңалығы