Алматыда Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарға қолайлы жағдай жасауда

28 Қыркүйек 2020, 09:29
1646
Бөлісу:
Алматыда Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарға қолайлы жағдай жасауда
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қалалық әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде бүгінде қала бойынша жұмыссыз азаматтардың саны азайып, сонымен қатар, жұмыс беруші мекемелердің де ісі алға жылжып отыр. 

Осынау игі іс нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып отырғанын атап айтқан жөн.

Ақжарқын Мұхаримова, Алматы қаласы бойынша халықты жұмыспен қамту орталығының Уақытша жұмыс орындары бөлімінің маманы:

Алматыда Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарға қолайлы жағдай жасауда

– Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде. Қазірдің өзінде 17 мыңға жуық адам уақытша жұмыс орындарына жіберілді. Уақытша жұмыс орындары үш бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары және «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы.

Қоғамдық жұмыс орындарында азаматтар 12 айға дейін жұмыс істей алады. Біздің орталыққа келіп, өзіне ыңғайлы мекемені таңдап, сол мекемеге жолдама алады. Егер аталмыш мекеменің талабына сай келсе, жұмысқа қабылданады. Жалақысы мемлекет тарапынан төленеді. Бүгінгі таңда жалақы көлемі – 85 мың теңге. Салықтарды шегеріп тастағанда, 65 мың теңге қолына тиеді.

Ал «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша 35 пайыз мемлекет тарапынан субсидия жүреді. Қалған 65 пайызын жұмыс беруші мекеме өзі төлейді. Ал осы бағдарлама бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 80 пайыз субсидия қарастырылған. Бұл 63 750 теңгені құрайды. Ал қалған бөлігін жұмыс беруші мекеме төлейді.

«Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 29 жасқа дейінгі жастардың қатысуға мүмкіндігі бар. Өзінің мамандығы бойынша білім бар, бірақ жұмыс істемеген тәжірибесі жоқ азаматтар қабылданады. Жалақысы 69 450 теңгені құрайды.

Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда «Қоғамдық жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша – 14 325, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында – 1098, «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы арқылы 1139 адам жолдама алып, жұмыс істеп, тұрақты түрде жалақысын алып отыр.

Сәуле Алпысова, «Sector X» интернет-радиосының жетекшісі:

Алматыда Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарға қолайлы жағдай жасауда

– «Sector X» интернет-радиосы бүгінде Алматы қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан бірден-бір мекеме. Біздің радиомыз негізінен БАҚ саласының мамандарын дайындауға зор үлес қосуда. Оның ішінде, журналист, жүргізуші, блогер, редактор, видеоинженерь және т.б мамандықтар бойынша кәсіби білікті мамандардың қалыптасуына жағдай жасап отырмыз. Бүгінгі күні "Sector X» интернет-радиосында екі мүмкіндігі шектеулі азамат Жұмыспен қамту орталығының арнайы жолдамасы бойынша жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар «Қоғамдық жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша тағы да қосымша 8 адам жұмыспен қамтылды.

Осы тұста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің радиомыздың қанатының кеңге жаюына ықпал етіп отырған Алматы қалалық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына ризашылығым шексіз. Осынау бағдарлама аясында халықтың еңбек етіп, өз нәпақасын табуына зор мүмкіндік туып отыр.

 Торғын Жолдасбекқызы, «Sector X» интернет-радиосының жүргізушісі:

Алматыда Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарға қолайлы жағдай жасауда

– Радиода алты айдан бері өзімнің авторлық бағдарламаларымды тыңдарман қауымға ұсынып келемін. Атап айтқанда, «Шексіз мүмкіндік» бағдарламасында өзім секілді мүмкіндігі шектеулі кейіпкерлердің өмір жолын, басынан өткен қиын сәттері мен жеткен жетістіктерін үлгі ретінде тыңдарман назарына ұсынамыз.

Сонымен қатар «Қоғамның білгені жөн» атты бағдарламада өзіміз секілді мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрғыда сауаттандыруды көздейміз. Олардың әрбірі өзінің қоғамдағы орнын, құқығын білуі үшін қажетті әрі маңызды ақпараттармен қамтамасыз етуге тырасамыз. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік туғызып отырған Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығына және «Sector X» интернет-радиосының басшылығына айтар алғысым шексіз.

Халыққа пайдасын тигізер осындай бағдарламалар жұмысын одан әрі жалғастыра бермек.


Өзгелердің жаңалығы