Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу: 390 мыңнан аса өтініш түсті

21 Сәуір 2021, 18:49
2245
Бөлісу:
Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу: 390 мыңнан аса өтініш түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын шешіп алуға өтініштер қабылдау осымен қатарынан үшінші ай қабылданып жатыр. Осы ретте «Отбасы банк» АҚ зейнетақы жинақтарын алу бойынша статистикалық деректермен бөлісті.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 2 қаңтарында қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды.

Кейін 23 қаңтарда зейнетақының бір бөлігін алуға өтініш беретін enpf-otbasy.kz сайты іске қосылды.

Зейнетақы жинақтарын ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу, ипотекасыз тұрғын үй сатып алу, «Отбасы банкте» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу, ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу, сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу, жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда), ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру, зейнетақы жинақтарын туысыңызға беру, емделу мақсатында шешіп алуға мүмкіндік бар екенін мәлім. Бұл туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.

«Отбасы банкінің» мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 189 000 арнайы шот ашылып, enpf-otbasy.kz порталына 390 884 өтініш түскен.

Статистикалық дерекке сәйкес келіп түскен өтініштер саны төмендегідей:

1) Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу, оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде (ішінара немесе толық): өтініштер саны 117 024 (сомасы 1 258 838 259 359 теңге).

2) Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу (толық сатып алу): өтініштер саны 122 787 ( сомасы 11 485 991 842 000 теңге).

3) «Отбасы банкте» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алу: өтініштер саны 25 929 (сомасы 461 321 182 571 теңге).

4) Иипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде): өтініштер саны 13 191 (398 503 283 087 теңге).

5) Сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеу: өтініштер саны 6 085 (52 684 963 957 теңге).

6) Жеке тұрғын үй салу (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда): өтініштер саны 6 247 (78 202 689 775 теңге).

7) Емделу үшін: өтініштер саны 8 946 (15 899 126 854 теңге).

8) Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру: өтініштер саны 3 270 (69 014 030 142 теңге).

9) Зейнетақы жинақтарын туыстарына беру: өтініштер саны 87 405 (97 004 349 888 758 теңге).

Барлығы 390 884 өтініш келіп түсті. Өтініштердің сомасы 110 трлн-нан аса (110 824 805 266 513) теңгені құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар – «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, 2021 жылғы 9 сәуірден бастап – «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ.

Өзгелердің жаңалығы