Зейнетақы, жәрдемақы, АӘК: Әлеуметтік көмекке қанша теңге бөлінеді?
18 Қараша 2021, 10:40 910

Зейнетақы, жәрдемақы, АӘК: Әлеуметтік көмекке қанша теңге бөлінеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды.

2022 жылға арналған республикалық бюджет түсімдері 13 трлн теңге сомасында анықталды. Бұл ретте мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биыл 56,4%-дан 2024 жылға қарай 71,4%-ға дейін өсумен көзделген. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-ынан 2024 жылы кезең-кезеңмен 2,5%-ға дейін төмендеуімен айқындалған, - деді министр.

Айтуынша, бюджет шығыстары келесі жылы 15,9 трлн теңгені құрайды.

Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты басымдықтың бірі. Оны бюджеттің әлеуметтік шығыстарының өсу динамикасы көрсетіп отыр. Мәселен, осы бағыт бойынша үшжылдық кезеңдегі шығыстар 26,8 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылы - 8,1 трлн теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 50,8%-ын құрайды, - деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.

Оның сөзінше, әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 13,4 трлн теңге, оның ішінде келесі жылға 4,3 трлн теңге жоспарланған. Оның 94%-ы зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы азаматтарға біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге арналған.

Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңгені, оның ішінде келесі жылы 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат шеңберінде медицина қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға шығыстар көзделген. Білім және ғылымды дамытуға бюджет жобасында 7 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге көзделген, - деп айтты Қаржы министрі.

Загрузка...