Бас жаңалықтар
Виртуалды шындық зертханасы АҚШ пен Қытайдан кейін Қазақстанда іске қосылды
29 Наурыз 2019, 15:30 683

Виртуалды шындық зертханасы АҚШ пен Қытайдан кейін Қазақстанда іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін виртуалды шындық зертханасының «NurLab» жаңа жобасының тұсау кесері өтті.

«Bolashaq» қауымдастығы және «Болашақ» бағдарламасының түлектері болып саналатын STEM Academia негізін салушы тобымен бірігіп, Қазақстан Республикасының орта білім беру мектептерінде инновациялық толықтырылған /виртуалды шындық зертханаларына «NURLab» деп еліміздің Тұңғыш Президентінің атын беруді ұсынды.

«Елбасының есімі біздің ойымызда әрдайым инновациялық жаңа жобалармен қалған. Сондықтан осы жобаға «NURLab» деп «Болашақ» бағдарламасының негізін қалаған Тұңғыш Президенттің атын беруге бел будық. «NURLab» зертханасының атауы «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемнің үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігі үшін алғысын бейнелейді», - деп атап өтті STEM Academia-сының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі.


Оның сөзінше, «NURLab» виртуалды шындықтың технологиясының арқасында біздің еліміздің мектептерінде оқу процесінің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

«NURLab» мектеп бағдарламасының жалпы пәндеріндегі күрделі тақырыптарды түсіндіруде есте қаларлық визуализацияны пайдалануға және оқушылардың болашақ технологияларын өздеріне қолданып көруге мүмкіндік жасайды. Орта білім туралы мемлекеттік бағдарламаға дәлдік ғылымдарды меңгеруде AR/VR бірегей технологияларын енгізуді ұсынамыз», - деді Әбутәліп Мүтәлі.


Сондай-ақ, ол осыған дейін мектептерде оқушылар білімді тек кітаптан оқу, суретін көру арқылы ғана алып келгенін айтып өтті. Ал толықтырылған және виртуалды шындық технологиялары жас ұрпаққа қымбат зертханаларға қол жеткізуге және мектептен шықпай-ақ ғылыми тәжірибелерді жүргізуге мүмкіндік береді.


«Мұндай жоба қазіргі уақытта тек АҚШ, Қытай сияқты алпауыт елдерде ғана қолданылып келеді. Ал орталық Азия елдерінен Қазақстан аталған жобаны қолға алған бірінші ел болып отыр. Бұған дейін жаңа технологиялар шет елдерден алдымен Ресейге, кейін Қазақстанға алып келінетін. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біз Америкамен тікелей көпір орнаттық, сол көпірдің негізінде АҚШ-тан елімізге бірден жаңа технологияны алып келіп жатырмыз», - деп түсіндірді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, STEM Academia-сының негізін салушы.

Әбутәліп Мүтәлінің сөзінше, қазіргі уақытта виртуалды шындық зертханасында физика, химия және биология пәндерін өту үшін бағдарламалар қазақ және орыс тілдерінде дайын. Келешекте басқа да пәндер осы жоба аясында оқытылмақ.


Инновациялық виртуалды шындық зертханалары – «NURLab» жобасының ең алғашқысы елордадағы №73 мектеп-лицейінде ашылып отыр. Алдағы уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, еліміздегі әр мектепте осындай зертханалар болады деп жоспарланып отыр.

«Бұл жобаның мектеп оқушыларының үлгеріміне, даярлығына және олардың таланттарының ашылуына мүмкіндік жасайтынына кәміл сенемін», - деді «Bolashaq» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.


ZSpace компаниясының атқарушы директоры Пол Келенбергер білім нарығында жүргендеріне жалпы 6 жыл болғанын айтты.

«Америкадағы 140 мың мектептің 10 мыңы қазіргі кезде осы технологиямен білім беруде, ал Қытайда 2 мың мектеппен жұмыс істеп отырмыз. АҚШ және Қытай мемлекеттерінен кейін Қазақстан осы жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізіп отырған үшінші мемлекет болып отыр», - деді Пол Келенбергер.

 

 


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Сізден жаңалық