Бас жаңалықтар
Ветеринар мамандардың білімін жетілдіруге көңіл бөлінуде
14 Сәуiр 2021, 14:20 218

Ветеринар мамандардың білімін жетілдіруге көңіл бөлінуде

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ветеринария саласындағы эпизоотиялық тұрақтылық – Жамбыл облысының әлеуметтік экономикалық жағдайына оң әсер ететін факторлардың бірі.

Бұл туралы өңірдегі әкімдіктің Ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов айтып берді. Оның сөзінше, Тараз қаласы мен аудандардағы ветеринария ұйымдары мемлекеттік тапсырыс бойынша 16-дай аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруға қарсы профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырған. Сонымен қатар 25 ауруға қарсы диагностикалық іс-шараларды жүргізуге биологиялық сынамалар алып, ветеринариялық зертханаға жеткізіпті.

Биыл эпизоотиялық іс-шараларға 2,4 млрд теңге қаржы бөлініп, осы бағыттағы жұмыстар жоспар бойынша атқарылуда. Аймақтағы қалалар мен аудандар аумағында барлығы 11 ветеринариялық станция мен 160 ветеринариялық пункт бар. 1 200-ден астам қызметкер штат бойынша еңбек етеді. Ветеринариялық станциялар аудандық деңгейде кезінде ветеринар мамандардың айлық жалақысы орташа есеппен 60-80 мың теңге еді, облыстық ветеринария басқармасына тікелей бағынысты болғалы олардың айлық жалақысы 110-120 мың теңгеге өсті. Жамбылдық барлық ветеринар мамандар арнайы жұмыс киімдерімен, қызметтік автокөліктері жаңа үлгідегі логотиптермен қамтамасыз етілген, - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университетінің профессор-оқытушылар құрамы өңірдегі ветеринариялық станциялар мен пункттерде қызмет атқаратын мамандарға заманауи емдеуді, диагностикалау әдістерін үйретіп, семинары өткізген. Бұл жиынға қатысушыларға арнайы сертификат табысталыпты. Кезекті кеңейтілген семинар-жиналыс Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Берік Нығмашевтың төрағалығымен және республикалық «Асыл түлік» малды асылдандыру орталығы, ветеринарияға арналған дәрілік препараттарды өндіруші мен ветеринариялық дәріхана желілері өкілдерінің қатысуымен өткен. Арнайы түзілген медиа-жоспарға сәйкес саладағы тақырыптық семинарлар басқа да аудандарда кезең-кезеңімен ұйымдастырылуда.

Қазіргі таңда биылдыққа жоспарланған вакциналар толығымен келіп түсті. Сондай-ақ аса қауіпті ауруларға қарсы вакцина егу, ауруды тексеру үшін биологиялық сынамалар алу және ветеринариялық зертханаға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы айта кетерлігі, аудандардағы ветеринариялық стансалар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, жануарларды емдеу, ота жасау, биостерилизация, залалсыздандыру және малды қолдан ұрықтандыру бойынша ақылы қызметтер көрсетуге құқылы, - деп атап өтті Е.Жиенқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, наурыз айында «Асыл түлік» малды асылдандыру орталығы мамандары аймақтағы ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттердің барлығын қамти отырып, қолдан ұрықтандыру тақырыбында оқыту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, жамбылдық 138 мал дәрігері «қолдан ұрықтандыру технигі» деген сертификат алды. Бұл бір жағынан жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың таралуын азайтуға септігін тигізсе, екінші жағынан облыстағы асыл тұқымды малдың басын арттыруға үлес қосып, кәсіпорынның ақылы қызмет көрсетіп, қосымша табыс табуына ықпал етеді.

Ветеринар мамандардың қызметін оңтайландыру және мал иелерінің уақыт шығынын үнемдеу мақсатында алдағы уақытта қашықта орналасқан елді мекендердегі ұсақ малдарды эктопаразиттерге қарсы шомылдыруға арналған автокөлікке тіркеме ретінде қолданатын жылжымалы тоғытпа, мал емдеуге арналған жылжымалы құрсау құрастырамыз. Бұл шаруалардың да жобасын әзірлеп қойдық, - деген спикер қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу бағытындағы жұмыстарды да тілге тиек етті.

Тараз қаласы аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды гумандық жолмен, яғни құрық, арнайы ілмек, тор сынды құрылғылармен аулау үшін 10 бригада жасақталған екен. Алайда, ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстайтын орын салу, оны күтіп ұстауға жұмсалатын шығындар бюджеттік бағдарламада қаралмағандықтан, ережеге сәйкес жұмыс жүргізу барысында қиындықтар туындап жатқан көрінеді. Десе де, ветеринария басқармасының бастамасымен қала аумағынан тыс орналасқан аймақтардан ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша күтіп ұстау орны ұйымдастырылып, ауланған жануарлар арнайы автокөлікпен тасымалдануда.

Жамбыл облысындағы аудандарда жеке кәсіпкерлермен қамтылған малдәрігерлік дәріханалардың саны – 54. Олардың барлығы қала, аудан орталықтарында орналасқан. Ал елдімекендерде мал емдейтін клиникалар болмағандықтан, ветеринариялық пункттерге ауыл тұрғындарын сабылтпай, мал емдеуге бірінші кезекте қажетті препараттары бар 99 шағын дәріхана ұйымдастырдық. Ветеринариялық станциялар мен пункттерді ғимаратпен қамтамасыз етуді осы жылдың екінші жартысына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда өңірдегі 11 ветеринариялық станцияның 8-і және 160 ветеринариялық пункттің 98-і қызметтік нысандармен қамтылған. Енді осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек, - деді басқарма басшысы.

Ол аталған саладағы бүгінде шешімін таппай отырған бірқатар өзекті мәселені алға тартты. Нақтылай айтқанда, Жамбылдағы ветеринариялық станциялар мен пункттер 2013 жылы қызметтік НИВА автокөліктерімен қамтамасыз етілген. Алайда, бұл техникалар амортизациялық уақытының жетуіне және саланың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты – таулы, құмды жолдармен жиі жүргендіктен тозығы жеткен.

Осыған орай, аймақтағы ветеринария саласын модернизациялау үшін арнайы құрал-саймандармен жабдықталған УАЗ 3909 автокөліктерімен қамтамасыз етуге өтінім жолданды. Сондай-ақ ветеринария басқармасының қызметтік ғимараты да 1952 жылы соғылып, қолданысқа берілген. Бүгінгі таңда бұл нысанның жалпы жағдайы орташа деңгейде, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл үшін де жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, - деп атап өтті Е.Жиенқұлов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...