Ақмолада су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда

14 Сәуір 2021, 14:05
1742
Бөлісу:
Ақмолада су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының қауіпті аумақтарында құтқарушылар мен жергілікті билік су тасқынының алдын алу бойынша қауырт шараларды қолға алуда.

Жасырары жоқ, елордаға жақын орналасқан бірнеше ауылды көктем сайын су басады. Бұған жауын-шашын мөлшері, күннің күрт жылынуы сияқты табиғи факторлардың әсері бар.

Целиноград ауданының ауылдық округ әкімдерінің айтуынша, қар шығарылып, су бұру арналары тазартылып, арнайы техника мен инертті материалдар дайындалған. Елді мекендерде су тасқынына жол бермеу бойынша жұмысқа қажеттінің бәрі бар: адамдар, мотопомпалар, моторлы қайықтар, эвакуациялауға арналған пункттер әзірленген. Аудандық су тасқынына қарсы штабтың жедел желісі тәулік бойы жұмыс істейді. Бұған дейін тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ақмола облысы ТЖД-нің ақпараты бойынша, өзендердің қауіпті учаскелерінде тәулік бойы гидробекеттер ұйымдастырылған, бақылаушылар жедел байланыспен кезекшілік етеді.

Бесінші сәуірде Қоянды ауылында тасқын су тұрғын үйлерге жақындап, аулаларды су басты. Облыстың ТЖД және аудан әкімдігінің күшімен барлығы 850 мың текше метрден астам су сорылды. Бес нүктеде сорғылар, мотопомпалар жұмыс істеді. Қар күрт ери бастады, еріген су 50-ге жуық үй тұрғызылған аумаққа жақындады. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Жеті адам алдын ала эвакуацияланды, - дейді Қоянды ауылдық округінің әкімі Айбек Есеев.

Оның айтуынша, елордадаға жақын аумақтардағы жеке тұрғын үй құрылысына қатысты түйткілді мәселе әлі де бар.  Бүгінгі таңда  ауыл тұрғындарының көбі жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттарға ие емес.

Әлеуметтік шиеленісті азайту үшін әкімдіктің көмегімен учаскелер заңдастырылды. Ал су басу мәселесін шешу үшін бұл көшелерде жолды күрделі жөндеу және су өткізу жүйесінің құрылысы жоспарланды. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, мердігер анықталды, ауа райы мүмкіндік берген кезде жұмыстар басталады,- деп нақтылады ол.

Қосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Жолымбетовтың айтуынша, Тайтөбеде еріген қар суы үшінші шағын ауданға жақындаған - мұнда 20-ға жуық үй орналасқан.

Шұғыл әрекет етудің нәтижесінде су тасқыны тоқтатылды. «Қосшы Қуат» ЖШС-нің бес ассенизаторлық көлігі, төрт мотопомпасы жұмыс істеді, ешкім эвакуацияланбады, адамдар өз үйлерінде қалды. Жағдай тұрақтанды. Қазір біз Нұра өзенінің су тасқынына дайындалып жатырмыз, әдетте бұл сәуір айының соңында басталады. Алаңдаудың реті жоқ, биіктігі үш метр, ені алты метрге жуық бөгет салынып, техникалық талаптарға сәйкес қосымша нығайтылды, – дейді әкім.

Су, электрмен жабдықтау, жолдардың жай-күйі елордаға іргелес ауылдардың басты мәселесі болып отыр.

Тайтөбеде орталық сумен жабдықтау, кәріз жүйесі мәселелері әлі толық шешілген жоқ, биыл желілерді қайта жаңарту қарастырылған, жолдарды жөндеу мамыр айында басталады. Соңғы үш жылда ауылда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория салынды, – дейді Ержан Жолымбетов.

Өзгелердің жаңалығы