Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов вакцинациядан кейін қандай қателіктер жасамау керектігін айтты.
Вакцина салғаннан соң үш күн ішінде темекі шеуге, алкоголь өнімдерін тұтынуға болмайды.Қандай вакцина салса да, ол әр адамға әртүрлі әсер етеді. Инъекция салынған жер қызарып, бөртуі мүмкін. Ауырсынуы мүмкін. Кейбір адамдарда ағза бірден реакция береді. Адам ағзасына байланысты жанама әсерлер алдын ала есепке алынады. Сондықтан вакцина жасалғаннан соң, барлығына арнайы жадынама қағазы беріледі. Вакцина салынбаған күннің өзінде алкогольді өнімді тұтыну мен шылым шегу ағзаға зиян. Мұндай іс-әрекеттерге вакцина салынғаннан кейін екі есе жол берілмеуі тиіс. Сонымен қатар вакцина алғаннан кейін үш күн ішінде ыстық жерге шомылуға, суық тигізуге болмайды, - деді Тимур Мұратов.
Бүгін еліміз бойынша вакцинациялау басталған болатын. Ол осы кезекте өзінің салдырғанын айта кетті.
Мен бүгін таңертең вакцина салдырдым . Жағдайым жақсы. Алдарыңызда отырмын. Маған да дәрігерлер түсініктеме қағазын берді. Бұл процесс цифрландырылған. Ұялы телефоныма СМС келді. Қандай күтім керек екендігі және 22 ақпанда 2-ші компонентті алуға келуім керектігі жазылған. Жақындағанда тағы айтатын шығар. Дәрігер де өз телефонын берді. Ыстығым көтеріліп немесе қандай да бір асқынулар болса, сол кісіге хабарласамын. Барлық айтылған ескертпелерді сақтаймын. Таңертеңнен бастап вакцина алған адамдарда ешқандай асқынулар байқалмады, - деді басқарма басшысы.
1 наурызға дейін 6300-ге жуық медицина мамандарына екпе жасау жоспарланған. Осы аптада 2000-ға жуық вакцина салынады.