Ұшақ апаты: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

14 Наурыз 2021, 17:09
2050
Бөлісу:
Ұшақ апаты: Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәрігерлер Алматыда әскери ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. 

Бұл туралы zakon.kz жазды.

Ұшақ апатынан зардап шеккен екі адамның жағдайы өте ауыр. Қарқынды терапия жалғасуда, гемотрансфузия, плазмотрансфузия, яғни қан компоненттерін құю жүргізіліп жатыр. Науқастардың бірінде тыныс алу жүйесінің жеткіліксіздігі бар. Оның жағдайы өте ауыр деп бағаланады. Дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бойынша қазіргі уақытта қажеттілік жоқ. Мұның бәрі бар, - деді №4 ҚКА Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Жандос Дәулетбеков.

Қарқынды терапия бөлімінің анестезиолог-реаниматологы Жанат Дүйсенованың айтуынша, білікті дәрігерлердің қатысуымен, соның ішінде Алматы қаласының бас реаниматологы, жақ-бет хирургы, окулист, тамыр хирургы, комбустиологпен консультация жүргізілуде.

Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында әскери борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза болған ҰҚК Авиация қызметі әскери қызметшілері туралы ақпарат жарияланды.

Еске сала кетейік, кеше Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында ұшып келе жатқан АН-26 әскери ұшағы сағат 17.22-де радардан жоғалып, қала әуежайына шұғыл қонды. Бортта болған төрт азамат қаза тапты, екеуі түрлі жарақаттармен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті АН-26 әскери ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңайында құлаған әскери ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ Президент тапсырмасы бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды.

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев ұшақ апаты болған жерге барып, апатынан зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Қазіргі уақытта ұшақ апатының себептері анықталып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы